29 мам, 2020 сағат 09:25

Димаштың 5 елдегі фанаттары «Дайдидауды» орындап, видео жариялады

Димаш Құдайбергеннің 5 елдегі фанаттары «Дайдидау» әнін орындап, видео жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" dimashnews сайтына сілтеме жасап.

Видео АҚШ-тағы фан-клубтың YouTube-каналында жарияланды. 

Биылғы наурыз айының басында «Dimash USA FC» аталатын америкалық фан-клубта Димаштың туған күніне орай құттықтау видеоролик түсіру идеясы туындаған. 

Димаш орындаған әнді оның ана тілінде хормен шырқау ұсынылады. Фанаттар «Дайдидау» әніне тоқтайды. Себебі оның Нью-Йорктегі концертінде болған америкалық фанаттар үшін бұл әннің маңызы зор. 

Осылайша, фан-клуб әкімшісі «FaceTime» арқылы видеоқоңырау стилінде видео жазып, өз идеялары туралы айтқан. Өзге фанаттар да қолдайды деген сеніммен оны фан-клубтың Facebook-тегі ресми аккаунтына орналастырған. Құлаққап киіп, Димаштың «Дайдидау» әнін унисон орындау қажеттігі айтылады. Бірақ видеода тек олардың ғана дауысы естілуі тиіс болды. 

Видеолар жиналған соң, фан-клуб әкімшісі оларды тұтас бір роликке біріктірген. 

Америкалық фанаттардың айтуынша, қазақ тілінде ән айту оңайға соқпаған. Бірақ қызық болған. Транслитерацияның көмегі де тиген. Бірқатар жанкүйер бэквокал жазып, әнді одан әрі әрлей түскен. 

«Жалпы алғанда, хорға АҚШ-тың 7 штаты мен төрт мемлекеттен (Нидерланды, Канада, Колумбия, Үндістан) 21 адам қатысты.

Сонымен бірге, АҚШ-тың 21 штатынан және төрт елден (Аргентина, Бразилия, Канада, Нидерланды) 102 фанаттың құттықтау лебіздері видеоға жазып алынды», - делінген сайтта.

Еске сала кетсек, 24 мамырда Димаш 26 жасқа толды. Әлемнің бірнеше еліндегі жанкүйерлер оған түрлі құттықтаулар жолдады.

Ал қытайлық фанаттар әншінің құрметіне шөл далаға 3 мың ағаш отырғызды. 

Сонымен бірге, Димаш Instagram парақшасында жанкүйерлерімен қауышып, олардың сұрақтарына жауап берді. 

Бұдан бөлек, оның туған күні құрметіне Dimash Manga (Manga D’R’S’) жаңа ресми жоба таныстырылды. Manga D’R’S’ — бұл ерекше және қызықты сюжеті бар жапон комикстері (манга) жанрындағы шығармалар циклі. Комиксті әлемнің 7 тілінде электронды немесе баспа түрінде арнайы сайттан сатып алуға болады. Оқиға желісі 2019 жылдың 10 желтоқсанында Димаштың Нью-Йорктегі концертінен бастау алады. Manga D’R’S’ шамамен 1 шілдеде сатылымға шыға бастайды.

Ал Эстонияның Таллин қаласындағы тарихи саябақта әншінің құрметіне көшет отырғызылып, жанына естелік белгі қойылды.