#
#
Cәрсенбі 08/04/2020

Димаш Нью-Йорк сахнасында қазақстандық тағы бір баланың жұлдызын жақты

  • 12.12.2019
  • 0
  • 570

Биыл Ақтөбеде өткен «Baqytty Bala» халықаралық конкурсының жеңімпазы Әйгерім Тілеубек Димаш Құдайбергеннің Нью-Йоркте өткен жеке концертінде өнер көрсетті, деп хабарлайды Dimashnews.com сайты.

«Baqytty Bala» музыкалық байқауының финалы биыл Ақтөбеде өткен болатын. Оған Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Түркия, Беларусь және тағы басқа мемлекеттерден жас таланттар қатысты. Халықаралық доданың бас жүлдесін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әйгерім Тілеубек пен РФ-ның Түмен қаласынан келген Ислам Балкоев жеңіп алды.

Димаш Құдайберген де арнайы сыйлығын тағайындап, Әйгерім Тілеубекті өзімен бірге үлкен сахнада өнер көрсетуге алып шығуға уәде еткен еді. Өткен жылы мұндай мәртебеге ақтөбелік Нарғыз Жанұзақова ие болып, Димашпен бірге Лондонда ән шырқады.

Әйгерім – елордадағы №82 мектептің 6-сынып оқушысы. Ол Америка сахнасында «Гауһартас» әнін орындады.

«Бастапқыда концерт қай қалада болатынын білген жоқпын. Ұйымдастырушылар бұл туралы сәл кейінірек айтты. Нью-Йоркте өнер көрсететінімді білген кезде қуанышымда шек болған жоқ. Бұл – менің балалық арманым. Арманым орындалғаны үшін өте бақыттымын», - дейді ол.

Әйгерім 4-5 жасар кезінде Аяз атаға Нью-Йорктегі Бостандық мүсінін көргісі келетіні туралы хат жазған. Ал дәл осы қалада Димашпен өнер көрсететінін білгенде бірден осы хат есіне түскен.

«Бұған дейін Түркияда, Мәскеуде болдым. Менің арманым көп, соның бірі – әлемді шарлау. Алған әсерімді жазып отырғым келеді, сол себепті Нью-Йоркке баруды асыға күттім. Күн сайын ол жақта ауа райы қалай екенін интернет арқылы бақылап, сол жақта жүрген күнімді елестеттім», - дейді оқушы қыз.

Ол Димашқа еліктейтінін жасырмайды. Жас болғанына қарамастан, түрлі деңгейдегі сахналарды бағындырып, әлемге өз халқы туралы ән шырқап жүр.

«Мен елімізде Димаштай тұлға бар болғанын мақтан тұтамын. Оған ұқсағым келеді. Димаш сияқты ұлттық болмысымды және қарапайымдылық қасиетін сақтап қалғым келеді. Елімнің мәртебесін асқақтатсам деймін», - дейді әнші.

Еске салайық, Д.Құдайбергеннің 10 желтоқсанда Нью-Йоркте өткен жеке концертіне әлемнің 60 елінен жанкүйерлер жиналды. Олар әншіні Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежайдан Қазақстанның Туымен қарсы алған болатын. Концерт өткен «Barclays Center Arena» 19 мың орынға есептелген. Көрермендердің 75 пайызы америкалықтар болды.

Сондай-ақ, Грэмми сыйлығының иегері, перулік атақты әнші Ева Айлан Димаш Құдайбергенді көру үшін өз концертін кейінге шегеріп, Нью-Йоркке ұшып келді.

Концерт Қазақстанның АҚШ-тағы мәдениет күндері аясында және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар