23 нау, 2019 сағат 09:24

Димаш Мәскеудегі концертінде Әлем жұртшылығын тамсантты (Видео)

Кеше Мәскеудегі Кремль сарайында Димаш Құдайбергеннің бірінші жеке концерті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ әншісінің үш сағатқа жуық уақытқа созылған жеке концерті өткен сарайда ине шаншар орын болған жоқ. Билеттер сатылымға түскен алғашқы күндерде-ақ өтіп кеткен болатын. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде Димаш концертінің видеосы жүктелген.

Мәскеудегі концертке Димаштың шығармашылығына шынайы берілген әлемнің 50-ден астам елінен жанкүйерлер келген. Құрметті қонақтар арасында әншінің ата-анасы, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі, Ресей Премьер-Министрінің жұбайы, эстрада жұлдыздары және өзге де беделді азаматтар болған.


Димаштың әр әні аяқталған сайын жанкүйерлердің «Димаш!», «Жарайсың!» деген дауыстардан зал жаңғырып тұрды. Әсіресе, қытайлық өнерсүйер қауымның «Димаши», «Шеше» деген айқайынан құлақ тұнады.

«Димаш «Махаббат бер маған» әнін орындаған сәтте қолшам жарығымен алқызыл жүрек ұстаған мыңдаған қолдың көтерілуі - ерекше жарқын, есте қалар сәттердің біріне айналды. Келесі флешмоб қазақ әні орындалған сәтте болды. Барлық көрермен бір мезетте Қазақстанның туын көтерді. Ал соңғы «Stand up!» әні орындалған кезде бүкіл залдағы көрермен тік тұрып қошемет көрсетті», - деп жазады Димаштың фан-парақшаларының бірінде.

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің концертінен бір күн бұрын әлемнің 56 елінен 400-ден астам жанкүйер Мәскеуде «pre-party»-де бас қосқан еді.