10 ақп, 2017 сағат 08:28

Димаш Қытай жұлдыздарының рейтингінде көш бастап тұр

Димаш Құдайберген Қытайдағы танымал жұлдыздардың рейтингінде бірінші орында тұр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Бұл туралы әншінің PR-директоры Алпамыс Шәрімов Instagram желісіндегі парақшасында жазды.

"Қытайда әр апта сайын жұлдыздардың (тек әншілер емес, актер, жүргізуші т.б) танымалдылық рейтингісі жарияланады. Ғаламторда есімдерінің көп пайдалануы, ғаламтордағы іздеуі бойынша, әртістің видеоларының көрсетілімі бойынша, телеарнадағы рейтинг т.б есептелінеді. Назарларыңызға осы аптадағы Қытай танымал жұлдыздарының Топ 10-ы: Димаш @kudaibergenov.dimash екінші апта қатарынан 1 орында!", - деп жазған әншінің PR-директоры.

Қазақстандық Димаш Құдайберген 2989 ұпай жинап, бәсекелестерінен оқ бойы озып шықты. Ол бұл рейтингті қатарынан екінші апта бойы бастап тұр.

Еске сала кетсек, Димаш «I am a singer» байқауының төрт кезеңіне қатысып, француз, орыс, қытай тілдерінде ән шырқады. Сайыс сәуір айына дейін жалғасады. Әзірге, жалпы есеп бойынша, отандасымыз бірінші орында келеді.