09 қаң, 2017 сағат 11:32

Димаш Құдайбергенов қытайша сөйледі (Видео)

- Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенов бүгін Қытайдың «Singer2017» ән байқауына қатысатындығын растады.

Бұл туралы Димаш өзінің жаңа ғана ашқан Қытайлық Sina Weibo (Туиттердің баламасы) әлеуметтік микроблогында жариялады. Парақшаға жазылушылардың саны аз уақыттың ішінде 4 мыңнан асқан.  

Димаш қытайлық көрермендерге  Weibo арқылы өзінің Хунан телеарнасының «Singer2017» тележобасына қатысатындығын, сондай-ақ өзіне қолдау көрсетуін сұраған видеосын жариялады.

4 миллионға жуық оқырманы бар Singer2017 ұйымдастырушыларының арнайы Weibo парақшасында жобаға қатысушылардың толық тізімі және афишасы жарияланды.  

Айта кетерлігі, видео көрсетілгеннен кейін қолдаушылар 500-ге жуық пікір жазып, Димаштың жобадағы өнеріне сәттілік тіледі. Ал сол елдегі қандастарымыз Димаштың әнін тыңдауға құмар болған қытайлықтар үшін арнайы топ құрып, әндерін жүктеуге атсалысуда.

Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Құдайбергеновтің осы ән байқауына қатысатындығы туралы хабарлаған болатынбыз.  Димаштың қытайлық танымал әнші Хан Хунның  «Таң атты» әнін шебер орындауы жоба ұйымдастырушыларының назарын аударған сыңайлы.

Ел ішінде танымал жобаға Тайвань, Макао, Сингапур және Корея, сонымен қатар Қытайдың ең танымал жұлдыздарының қатысатыны белгілі.

Байқаудың жалпы 5 іріктеу кезеңі, сондай-ақ, жартылай финалы және финалдық сайыстары 21 қаңтардан 15 сәуір аралығында Чанша қаласында өтеді.

ҚазАқпарат