23 қар, 2018 сағат 09:23

Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына британдық БАҚ қызығушылық танытты (Фото)

Лондондағы керемет концертінен соң әнші бірақатар шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

19 қарашада Лондонда Ұлыбританиядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтті. Бұл шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Қазақстан Республикасы Елшілігі қолдаған болатын.

«Indigo at the O2» концерт залындағы триумфынан соң, Димаш Құдайберген халықаралық жетекші БАҚ өкілдерімен кездесу үшін Лондонда тағы 2 күн болды. Димаш әр сұхбатында Қазақстан және ұлттық салт-дәстүрлер туралы қазақ тілінде айтып берді. Әншінің айтуынша, ол әлемге туған елінің мәдениетін ана тілінде жеткізетінін мақтан тұтады. Димаш Құдайберген Лондонда өткен өзінің алғашқы жеке концертін ұйымдастырушы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс білдірді.

Сондай-ақ, осы күндері әнші Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысовпен кездесті. Елші мырза Димаштың бүкіл әлемде Қазақстан елшісі екенін және еліміздің беделін әлемдік деңгейде көтеріп жүргенін атап айтты.


Сол күні әнші Лондондағы қазақстандық студенттермен кездесті. Кездесу Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Қазақстан Республикасы елшілігінде өтті. Музыкантпен кездесуге сан алуан саланың болашақ мамандары келді. Олар тосын фотосессия өткізіп, өздерін қызықтырып жүрген сұрақтарды қойды. 


Елшіліктің дәлізінде Димаш жиналғандарға арнап, фортепианода бірнеше сүйікті шығармасын орындап берді.   


Әлемдік жетекші редакцияларға арналған сұхбат сериясын Димаш Құдайберген BBC телевизиясы мен радиосын аралаудан бастады. Британдық ВВС жалпыұлттық қоғамдық телерадио таратылымы ұйымының студиясында Димаш қазақ тілінде бірегей сұхбат беріп, өз шығармашылығымен бөлісті. «BBC World Service» радиостанциясында музыкант «Cultural Frontline» сенбілік шоуы үшін өзінің табыс жолындағы тарихымен бөлісті. Бағдарлама жүргізушісі Тина Дахели әншімен оның музыкалық жолы туралы әңгімелесті. Радиостанцияның жаһандық апталық аудиториясы - 75 миллион тыңдарман. 


Британдық «The Independent» интернет-баспасына берген сұхбатында қазақстандық өз музыкасы мен шығармашылық жолы туралы әңгімеледі. Сұхбат радиоға арналған подкаст түрінде өтті. Тілшіні қазақстандық әншінің қай жерде демалғанды ұнататыны қызықтырып, осыған қатысты сұрақтар қойды. Димаш жұмыс барысымен барған мемлекеттерімен бөлісіп, шетелде ешқашан демалмағанын айтты.

«Қазақстанда Ақтөбе деген шағын қала бар. Сол жерде менің отбасым, ата-әжем, бүкіл туысым тұрады. Сол жерде мен керемет демаламын», - деп ашық айтты әнші. 

Одан бөлек, жас әнші лондондық «Candid» журналының тілшісі Адам Зорганимен кездесті. Адам «Indigo at the O2» залында өткен Димаштың концертінде болғанын және қазақстандықтың шығармасына тәнті екенін айтты.


«1883» интерактивті мультимедиалық платформасына Димаш өз шығармасы мен болашаққа құрған жоспарлары туралы айтып берді. Портал редакциясы сәнді музыка, кино, саяхат және өнер әлеміндегі соңғы жаңалықтарды таратумен айналысады.

Қазақстандық әнші Ресейлік ТАСС жетекші ақпараттық агенттігінің тілшілерімен де кездесу өткізді. Сұхбат барысында Димаш Игорь Крутоймен бірге жасап жатқан жұмыстары және ресейлік композитормен болашаққа құрған шығармашылық жоспарлары туралы толық ақпарат берді.

Британдық танымал фотограф Майкл Дональд Димаш Құдайберген үшін фотосессия жасады. Майклдың жұмыстарының қатарында америкалық кинорежиссер Мартин Скорсезенің, «The Rolling Stones» рок-тобының вокалисі Мик Джаггердің, бразилиялық футболшы Пеле мен басқа да атақты адамдардың фотосуреттері бар.


Сондай-ақ, осы күндері әнші Ұлыбританиядағы «World History Archive» Бас директоры Александр Голдбергпен кездесті. Александр Димаш Құдайберген туралы автобиография жазуды жоспарлап отыр. Кездесу жанға жайлы жағдайда өтті, ол Димашқа қазақ домбырашысы бейнеленген фотосуретті сыйға тартты. Бұл жұмыстың атауы жоқ. Алайда, ол 1890 жылы жасалғаны белгілі.


Қазақстандық әншінің шығармасы тілшілердің ғана емес, ұлыбританиялық жұлдыздардың да қызығушылығын туғызды. Концерт көрермендері қатарында жергілікті жұлдыздар да болды. Димаш өнер көрсеткен күні әншіге қолдау көрсету үшін Англиядағы атақты әнші Талия Сторм келді. Ол достарымен бірге Димаштың алдағы концертіне сәттілік тіледі. Англиялық әнші концерт барысын өз аккаунтына жазылғандарға арнап, әлеуметтік желідегі парақшасында көрсетті. Концерттен соң олар хат алмасып, достық байланыс орнатты. 


Лондондағы естен кетпес күндерден соң Димаш Құдайберген Отанына оралды.