28 мау, 2019 сағат 07:45

Димаш Құдайбергеннің концерті үшін шетелдіктер астанаға келе бастады

Ертең 29 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында Димаш Құдайбергеннің «Арнау» атты жеке концерті өтеді. Бұл үшін еліміздің астанасына 64 елден тыңдармандар келе бастады, – деп хабарлайды Ұлт ақпарат.

«Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша,  концерттің дайындығына 500-ден астам жоғары кәсіби маман тартылды.  Кешке 1200 метр матадан 150 сахналық костюм тігілген.

Ал жоғары деңгейдегі қойылымдық нөмірлер үшін балет труппасына халықаралық алаңдарда өнер көрсетіп жүрген еліміздің ең үздік бишілері мен акробаттары тартылды. Оның ішінде,  «Notre dame de Paris» мюзиклінің әртістері, «Танцы на ТНТ» жобасының қатысушылары және батуттық  гимнастика бойынша спорт шеберлері бар. 

«Концертке дайындық мерзімінде  әуеде жалпы қашықтығы 150 мың шақырымды құрайтын 50 рейс жасалды. «Арнау» концерті үшін 200 кВт дауыс, 600 шаршы метр лэд-экран, 1000 жарық құрылғысы қолданылады» деді «Қазақстан» РТРК» АҚ Коммерциялық директоры Жаннұр Айдарбекова.

Ал ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин «Арнау» кеші - музыкалық әсерге негізделген жанды көрініс,  тірі дыбыс, ерекше сахналық қойылым екенін атап өтті. Концерт сценарийіне 27 ән енгізілген, сондай-ақ, жаңа альбомына енген таңдаулы 5 әні бар. Концерт ұйымдастырушыларының айтуынша, кеш билеттерін әлемнің 64 елінен 10 мыңға жуық тыңдарман сатып алған. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Мексика, Канада, Австралия, Швейцария, Малайзия, Сингапур, Африка, Египет, Израиль және Марокко сынды алыс мемлекеттердің тыңдармандары бар.  Шараның әлемдік маңызын ескере отырып, жобаға қазақстандық ірі -  Air Astana, Forte Bank,  Kcell компаниялары қолдау білдірді.   

Айта кетейік, 29 маусым күні концерт алдында, сағат 19:35-те  «Qazaqstan» Ұлттық арнасы тікелей қосылымға шығады.  Ал, концерттің теленұсқасы 6 шілдеде көрсетіледі.