01 нау, 2020 сағат 09:26

Димаш Құдайберген жанкүйерлеріне жапон және ағылшын тілдерінде үн қатты

Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Instagram-дағы парақшасында жанкүйерлеріне жапон және ағылшын тілінде сәлем жолдаған. Әнші фанаттарын Tokyo Jazz Festival-ға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Димаш Құдайберген миллиондаған тыңдармандарын джаз стиліндегі композициясымен қуантпақ.

Бұған дейін хабарлағандай, 19-шы Tokyo Jazz Festival 22-24 мамыр күндері Жапония астанасында өтеді. Бұл – 2002 жылдан бері өткізілетін күншығыс елінің ең үлкен музыкалық фестивальдерінің бірі. Оған нағыз танымал джаз әртістері шақырылады. Биыл музыкалық шараны ұйымдастырушылар 90 мың көрермен келеді деп отыр. 

Айта кету керек, Димаш «джаз аңыздарымен» бір сахнада өнер көрсетеді. Оның бірі - Герберт Джеффри Хэнкок. Ол – америкалық джаз пианисі және композиторы, 14 Грэмми сыйлығының иегері және 20 ғасырдың ең ықпалды джаз музыканттарының бірі. Сондай-ақ кешке заманауи джаздың жетекші саксофонистерінің бірі, Грэмми сыйлығының номинанты - Джошуа Редман (АҚШ) қатыспақ.