04 мау, 2018 сағат 08:20

Димаш Құдайберген жанды дауыспен ән айтпайтын "жұлдыздарды" ұялтты

Димаш Құдайберген эстрада жұлдыздарын өнерлі балалардан үлгі алып, жанды дауыспен ән айтуға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Міне, əне-міне дегенше "Бақытты бала" атты бірінші халықаралық конкурс аяқталды. Осы конкурстан соң-ақ мен эстрада өнерінің шынайы жарық жұлдыздары өсіп келе жатыр деп сенімді түрде айта аламын. Кейбір "жұлдыздарға" жанды дауыспен əн шырқауды осындай балапандардан үйреніңдер дегім келеді. Егер, осы сөзіммен біріңіздің көңілдеріңізге қаяу түсірген болсам, кешірім сұраймын, алайда шындықтың жолы сара жол, ол айтылуы тиіс", — деп жазды әнші әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған балаларды құттықтап, сәттілік тіледі.

"Мына видеода Наргиз бен Ержан. Екеуі де гран-при иегері. Шын жүректен құттықтаймын. Жалпы барлық үміткерлер бары мен жанын салды. Біз сендермен əрдайым мақтанамыз. Тек қана сəттілік тілейміз. Жеңісті күндерде кездескенше аман-сау болыңыздар", — деді Димаш. 

Ақтөбеде өткен алғашқы халықаралық Baqytty Bala-2018 эстрадалық әндер байқауына Қазақстан, Ресей, Украина, Өзбекстан және Грециядан жас дарындар қатысты. 

Бас жүлдені ақтөбелік Нарғыз Жанұзақова мен Орал қаласынан келген Ержан Максим жеңіп алды. Олардың әрқайсысына 1 миллион теңгеден берілді. 

Барлығы эстрадалық әндер байқауына 20 елден 420 бала қатысқан. Іріктеу кезеңінен 20 өнерпаз сүрінбей өтті.