12 мам, 2018 сағат 14:58

Димаш Құдайберген өз өнерімен француз халқын ерекше ықыласқа бөледі

Франциядағы Канн кинофестивалі аясында «Академия солистов» мемлекеттік камерлік оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсеткен Қазақстанның халық артисі Айман Мұсақожаева мен талантты әнші Димаш Құдайберген француз халқын ерекше ықыласқа бөледі. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" МСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Талантты әртістер еліміздің өкілдері ретінде Астана мен ҚазҰӨУ 20-жылдық мерейтойы қарсаңында өтетін «Еуразия» ХКФ таныту мақсатында өнер көрсетті.

«Еуразия» кинофестивалі  ̶ 1998 жылы негізі қаланып, FIAPF (Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясы) аккредитациядан өткен және беделді британдық International FilmGuide басылымы әлемнің 35 танымал кинофестивальдер қатарына енгізілген.


Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Президенті Айман Мұсақожаева Канндағы Қазақ мәдениеті кешінде былай деді:  

«Еуразия» кинофестивалінде отандық фильмдерді кеңінен тарату, киножобалар мен қызметтерді ұсыну және келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді. Қазақстан режиссерлері тек отандық кинорынокты игеріп қоймай, халықаралық киножиындарда да өз туындыларын батыл ұсынып жатыр. Биыл Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» бағдарламасында Әділжан Ержанов «Ласковое безразличие мира» фильмімен қатысып отыр. Ал Жаннат Алшанова «Конец сезона» фильмімен Синемафондасьон бағдарламасында бақ сынап отыр. Фильм сюжеттері әр қилы: еліміздің тарихынан бастап бүгінгі проблемаларға дейін қамтылған», - деді Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева Канндағы Қазақ мәдениеті кешінде.


71-ші Халықаралық айтулы кинофестивальдегі ұлттық павильонның жұмыс істеуі еліміздің киноөндіретін ел екендігін дәлелдеп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және отандық киноөндірушілердің шетелдік компаниялармен жұмыс істеу мүмкіндіктерін арттырады және еліміздің имиджін көтереді.

Осы орайда айта кетелік, былтыр Ұлттық Павильонда көрмеге қойылған режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Барымта» жобасы бүгінде «Қазақфильм» киностудиясы мен жапониялық «Tokyo New Cinema» кинокомпанияларының қолдауымен өндірілмек.

Сонымен қатар, Айман Мұсақожаева Канн қаласының вице-мэрі Frank Chikli мырзамен кездесіп, екі ел арасындағы мәдени, оның ішінде кинематография мен туризм саласын нығайтуды келісті.


«Бүгінде мемлекет тек әлеуметтік маңызды жобаларға емес, сонымен қатар авторлық киноға да қаржылық қолдау көрсетеді. Соның арқасында қазақ киносы қарқынды дамып келеді. Мәселен, отандық «Қазақфильм» компаниясы 20-дан астам фильмді жарыққа шығарады, ал жеке студиялар 30 фильм түсіреді. Қазірде отандық көрермендер қазақстандық картиналарды көруге ынталы. Еліміздегі кинотеатрларда ұсынылған фильмдердің 15% отандық фильмдер», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Алмат Сүйінов.

Кинонарықта ашылған барлығы 230 павильон болса, соның  қатарында тұрған отандық павильон өз туындыларын деңгейлі ұсынып отыр. Отандық жаңа фильмдердің презентациясында трейлері көрсетілген Асанәлі Әшімов басты рөлді сомдайтын, режиссер Қуат Ахметовтың «Аруақ» картинасына Канн кинофестивалінің қонақтары, қаланың басшылығы және фестивальдің кинокомиссиясы ерекше қызығушылық танытты.  Сондай-ақ, көрмеге Болат Қалымбетовтың «Талан», Ермек Тұрсыновтың «Киномеханик», Джеф Веспаның «Әміре» және басқа да  фильмдер қойылған.


Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» бағдарламасында еліміздің кинематографистері жеңімпаз атанған. 1998 жылы Дәрежан Өмірбаев «Киллер» фильмімен және 2008 жылы Сергей Дворцевой «Тюлпан» фильмімен басты жүлделерге ие болған. 

Елімізден барған делегация қатарында мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, шығармашылық интеллегенция, Қазақстан киносы мен телевизиясының белді азаматтары және Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері бар.