16 сәу, 2017 сағат 11:48

Димаш Құдайберген: Менің әлі айтарым бар!

Қытайдың Хунань телеарнасының «Singer 2017» ән байқауының ақтық бәсекесінде өнер көрсетіп, екінші орынды жеңіп алған Димаш Құдайберген қолдау көрсеткен барша жанкүйерлеріне алғысын білдіріп жатыр, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.  

Ол өзінің Инстаграм желісіндегі парақшасында қолдау білдіргендерге шексіз ризашылығын жеткізген.

«Жүрегім өнер деп соғады, мақсатым - ән айту, күллі әлемге ішімде жатқан барды жар салу... Міндетім - қазақ әнін паш ету, жанкүйерлеріме жан жүрегімде жатқан жырды жырлау, өнерімді бағалайтындармен бірге толғану, тебірену!.. Менің әлі айтарым бар! Бұл - бастамасы! Жеңіс құтты болсын!!! Жүрегім Сіздермен бірге!!! Ыстық ықыластарыңыз үшін раxмет!!!», - деді ерекше талантымен талайды тамсандырған дарынды әнші.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген байқаудың он кезеңнен тұратын іріктеу бәсекесінде үш рет бірінші орын алды.Ал ақтық сында оған екінші орын бұйырды. Гонконг қаласының тумасы Лин Илиан (Sandy Lam) бірінші орынды жеңіп алды, ал тайваньдық "Арыстан" (Lion) тобы үшінші орынды иеленді.