23 мам, 2019 сағат 12:15

Димаш Құдайберген халқына «Арнауын» таныстырды

Әнші Димаш Құдайберген Instagram парақшасында елордада өтетін «Арнау» атты концертін таныстыратын шағын видео жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Димаш Құдайберген! Қазақстанның біртума дарын иесі. Әлем бойынша миллиондаған тыңдарманның жүрегін жаулаған Димаш «Арнау» атты жаңа шоу ұсынады. Оның дауысы - импульс. Шабыттандырады, қуаттандырады. Көрерменді айрықша дауыс диапазонымен, ауқымды шоу күтеді», - делінген видеожарнамада.

Еске сала кетсе, «Арнау» атты концертінің қашан өтетінін әнші осы жылдың басында жариялаған болатын. Концертті бірнеше шетелдік  телеарна көрсететін болады.

«Шетелдік телеарналар мен телерадиокорпорациялар әртүрлі сұраулар жолдап жатыр. Астанада өтетін осынау концерт бірнеше шетелдік телеарна арқылы таралады. Сол себепті, аудитория үлкен. Ұйымдастыру жұмысын кең ауқымда жүргізгелі отырмыз. Өз елінде, өз алаңында, мыңдаған фанаттарының алдында өтетін Димаштың концертіне орай қолдауларыңызды сұраймыз», - деген еді елордада өткен баспасөз мәслихатында Ерлан Қарин.