22 ақп, 2017 сағат 16:13

Димаш Құдайберген келесі кезеңде «Дайдидау» әнін орындайды

Қытайда өтіп жатқан «Singer-2017» ән байқауының келесі кезеңінде әлемді аузына қаратқан отандасымыз Димаш Құдайберген халық әні «Дайдидау» әнін орындайды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Достар, жақсы жаңалық! Димаш Құдайберген Қытайда өтіп жатқан «Singer-2017» конкурсында Қазақ ұлттық өнер университетінің халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен «Дайдидау» әнін орындайды», - деп хабарлады министр Фэйсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Мұхамедиұлының айтуынша, Мәдениет және спорт министрінің  мұрындық болуымен халық аспаптар ансамблі Қытайға барып, конкурсқа дайындалып жатыр.

«Айта кетейін дегенім, Димаштың бірге оқыған қатарлас достары қуана-қуана Қытайға кетті және Димашпен бірге тамаша өнер көрсетпек. Қыз-жігіттер  конкурсқа арнап тігілген  ұлттық киімдерді киіп шығады», - деп хабарлады министр.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген «Славян базары» халықаралық ән жарысында осы «Дайдидау» әнін орындап, Гран-Приді иеленген болатын.