08 сәу, 2017 сағат 19:23

Димаш әйгілі Адриано Челентаноның "Confessa" әнін орындады (видео)

Димаш Құдайберген финалдың бірінші кезеңінде өнер көрсетті, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі. Қазақстандық әнші бүгін Адриано Челентаноның "Confessa" және "Бесінші элемент" фильміндегі Дива Плавалагунаның ариясын орындады.

Айта кетейік, 4 сәуірде Димаш Құдайбергеннің финалдың бірінші кезеңінде қандай ән айтатыны белгілі болған еді. "8 сәуір күні Финалдың алғашқы сайыс күні итальяндық ән Адриано Челентаноның "Confessa" және "Бесінші элемент" фильміндегі Дива Плавалагунаның ариясын тыңдай аласыздар! Тілектеріңіз бен қолдауларыңызға раxмет! Біргеміз", - деп жазған еді Димаш Құдайберген Instagram желісіндегі парақшасында.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген I am a Singer байқауының 10-шы кезеңінде 3-орын алып, байқаудың финалына шыққан болатын. Бұл кезеңде қазақстандық әнші "Ұмытылмас күн" әнін қазақ және қытай тілінде орындады. Айта кетейік, әннің авторы Димаш Құдайбергеннің өзі де, сөзін Орал Байсеңгір жазған. Ал 1 сәуірден бастап байқауды қазақстандық телеарна көрcетіп жатыр.

Сондай-ақ, Димаш Құдайбергеннің Астанада Лара Фабианмен бірге ән салатыны хабарланған болатын. "Димаш Құдайберген шақырады" концерті "Астана Арена" сахнасында 27 маусымда өтетіні айтылған еді.