02 нау, 2019 сағат 11:26

Димаш Құдайберген «Балалар дауысы» байқауында баршаны таңқалдырған өнерпазға сәттілік тіледі

Димаш Құдайберген Ресейдегі «Балалар даусы» байқауына қатысып жатқан Ержан Максимге сәттілік тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ержан Максим - Батыс Қазақстан облысының тумасы. Ол өткен жылы Ақтөбе қаласында өткен "Бақытты бала" жобасына қатысып, бас жүлдеге ие болды. Сол кезде Димаш Құдайберген 10 жастағы өнерпаздың дауысын жоғары бағалап, өнердегі жұлдыздар жанды дауыста ән шырқаған балалардан үлгі алуы керек деп айтқан болатын. Ержан Максимнің жеңісі көп. Ол Қазақстандағы түрлі жарыстарда бас жүлде алып, Италия, Беларусь елінен жеңіспен оралды.  Ал қазір ол Ресейде өтіп жатқан "Голос дети" байқауына қатысып жатыр.

"Ержантай, балапан, Ресейдегі өнеріңе тәнті болдым. Қазақ елінің өнерге бай екенін Ресейдің қақ ортасында дәлелдеген кішкентай батырымызсың. Былтыр осындай жобада Даниеля құлыншағымыз Украинада еліміздің мәртебесін көтерсе, биыл дәстүрге айналған жеңісті үрдісімізді Ресейдің төрінде дес бермей абыроймен жалғастыруыңа тілектеспін. Сен мықтысың! Саған бірінші кезекте жақсы қарапайым азамат болып өсуіңді, содан кейін барып ғана жұлдыз болуыңды тілеймін, жаным. Алға, Ержантай", - деп жазды Димаш Құдайберген өз әлеуметтік парақшасына.