11 ақп, 2019 сағат 09:38

Димаш Испанияда клип түсірмек

Әнші Димаш Құдайберген кезекті клипін түсіру үшін Испанияға аттанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әншінің өзі Еуропа еліне сапары туралы Инстаграм парақшасында жазды.

«Қалжыраған аққулардың сезімі» әніне клип түсіру үшін Испанияға ұшып барамын», - деп жазды әнші өз парақшасында.

Еске сала кетсек, осыдан екі апта бұрын Астанада баспасөз мәслихатын өткізген Димаш Құдайберген «Любовь уставших лебедей» әнінің авторы, ресейлік Игорь Крутой туралы пікірімен бөліскен еді.

«Әрине, әнші үшін жақсы композиторлармен жұмыс жасау өте маңызды болып табылады. Осы орайда, менің мансабымда, шығармашылық өмірімде жақсы композиторлар кездесіп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі уақытта біз Игорь Крутоймен жақсы музыкалық тандем болып жүрміз. Ол кісінің кәсіби тұрғыдағы біліктілігі, музыкадағы білімі туралы ұзақ әңгіме айтуға болады. Өйткені, ол Паворотти, Лара Фабиан, Дмитрий Хворостовский секілді әлемдік композиторлармен жұмыс жасаған білікті өнер иесі. Қазіргі таңда Крутойдың шығарған бірнеше туындылары менің репертуарыма еніп отыр», - деген еді Димаш Құдайберген ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.