17 нау, 2017 сағат 07:30

Димаш "I am a Singer" байқауының финалына жолдама алды (Видео)

Димаш Құдайберген "I am a Singer" жобасының 10-кезеңінде үшінші орынға ие болып, байқаудың финалына жолдама алды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Димаш бұл кезеңде О.Байсеңгірдің сөзіне жазылған өз әні «Ұмытылмас күнді» шырқаған болатын. Қытайлық hupu.com сайтының мәліметінше, Димашпен бірге қытайлық әнші Lin Yi Lian және қытайлық «Lion» тобы ақтық кезеңге шыққаны жария етілді. 

Димаш осымен байқаудың барлық іріктеу кезеңін артта қалдырып, соңғы межеге сүрінбей өтті. Оныншы кезеңнен кейін жарыс жолынан шығып қалған әншілерге жұбату бәсекесі болады. Финал екі кезеңге бөлініп, соңғы финал тікелей эфирден көрсетіледі. Ертең байқаудың 9-кезеңі эфирден көрсетіледі. Онда Димаш канадалық әнші Селин Дионның «All by myself» әнін орындайды. Бұл кезеңде Димаш екінші орын алған болатын. Ал 10-кезең эфирге 25 наурыз күні шығады.

Сондай-ақ, Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы ән байқауындағы сайысын отандық телеарна көрсетеді. Бұл туралы «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев мәлім етті.