31 нау, 2017 сағат 13:56

Димаш Астанада Лара Фабианмен бірге ән салады

Димаш Құдайбергеннің Астанада өтетін үлкен шоуына Лара Фабиан және Константин мен Валерий Меладзелер қатысады. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына сілтеме жасап хабарлады.

"Біз қазір келіссөздерді белсенді жүргізіп жатырмыз, Лара Фабианмен және ағайынды Меладзелермен келісім бар, басқа қатысушылармен де келіссөз жүргізіп жатырмыз. Басты фигура - Димаш Құдайберген. Біз онымен қуана-қуана бірге ән салатын орындаушыларды шақырамыз. Меніңше, екі апта ішінде барлық техникалық мәселені реттейміз. Қарапайым ғана жеке концерт емес, үлкен шоу өткізгіміз келеді", - дейді министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, билеттер сәуірдің ортасынан бастап сатылады екен. "Жарықтандыру мен техникалық жабдыққа негізгі қаражат жұмсалады. Димаш Құдайберген елінің патриоты және мұндай өнер көрсетуімен қыруар ақша табуды көздемейді", - дейді ол.

Айта кетсек, "Димаш Құдайберген шақырады" концерті "Астана Арена" сахнасында 27 маусымда өтеді деп жоспарланған.