20 сәу, 2018 сағат 13:51

Димаш Ақтөбеде шетелдік жұлдыздармен бірге концерт өткізеді

Халықаралық балаларды қорғау күнінде Ақтөбеде Димаш Құдайбергеннің концерті өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«1 маусым, Халықаралық балаларды қорғау күнінде Димаштың бастамасымен үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Оған Димашпен бірге қазіргі уақытта ән салып жүрген шетелдік әншілер де қатысады», - деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Ақтөбеде 1-3 маусым аралығында «Бақыты бала - 2018» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өтеді. Байқауға 10-15 жас аралығындағы балалар қатысады. Қазіргі уақытта ұйымдастыру комитеті өтінімдер қабылдап жатыр. Байқауға қатысуға Грекия, Ресей, Украина, Татарстан, Қытай және Қазақстанның вокалистері өтініш білдіруде. Конкурстың екінші кезеңі 1 маусымнан басталады. Іріктеуден өткен қатысушылар жартылай финалда сынға түсіп, Ақтөбе сахнасында ән шырқайды. Содан кейін шығармашылық жарыстың финалы өтеді. Финалға шыққан әншілер Димаш Құдайберген, Данэлия Төлешова және Луиза Нұрқуатовалармен бірге бір сахнада өнер көрсетеді.

Естеріңізге сала кетсек, «Singer 2017» ән додасында екінші орын алғаннан кейін Димаштың Қытайда және басқа да елдерде танымалдылығы арта түсті. 2017 жылы ол Қытайдың бірқатар жүлделерін жеңіп алды.