28 қар, 2017 сағат 17:11

Диханкөл ауылының тұрғын­дары қымыз арқылы туризмді дамытуға ден қоюда

Құлын ағытылып, қымыз мол жиналатын «сірге мөлдіретер» дәстүрімен қонақтарға ұлттық сусын ұсынылатын күздің қысқа ұласатын шағы таяу. Кейде «сірге жияр» деп те аталатын бұл рәсімде жұрт жазға ризалық білдірісіп, қыстың жайлы болуын тілейді. Қымызбен қоштасу рәсімін жасайтындар да аз емес. Жуырда «Туған жер – алтын бесiгiм» атты облыстық фестиваль кезінде Төлеби ауданы осы дәстүр шеңберінде қадiрлi қонақтарға дәмi тiл үйiрер Диқанкөл қымызын тегiн таратты. 

Диқанкөлдің қымызына тамыздың аяғында ЭКСПО қалашығындағы этноауылда халықаралық көрмеге келген шетелдіктер де тамсанған болатын. Оңтүстік Қазақстан облысының тау бөктеріндегі аудандар қымызбен қоштаспайды, яғни жыл бойы үзілмейді.

Сондықтан да болар, оң­түстік­те жас талғамайтын, ұл­ты­на, нәсіліне, дәрежесіне қара­майтын туберкулезбен ауыратындар саны азая түсуде. Ем­делу көрсеткіші де жоғары. Туберкулез науқастарын ем­деп шығу бойынша Оңтүс­тік Қазақстан облысы Дүниежү­зілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған стандарттарды орындап отыр. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Болатхан Сағым­бековтің айтуынша, өңірде туберкулезбен ауырған 310 адам­ның 262-і емделіп шығыпты. «Бұл 85,2 пайыз, өңірде бірінші рет мұндай көрсеткішке қол жеткізілді. ДДСҰ стандарты 85 пайыздан кем болмау керек. Сондай-ақ сырқаты қай­таланған, тұрақты дәрі тұ­тынатын 434 науқастың 326-і емделіп шықты. Пайызға шақ­сақ, 75,1-ді құрайды.

Мұнда дүниежүзілік стандарт – 75 па­йыз. Жыл сайын санаториялық емді есепте тұрған 1800-2000 науқас алады. Оған қосымша Бурабай шипажайына туберкулезден емделіп шыққан 40-60 науқас жіберілді», дейді бас дәрігер. Ал «Бурабай» сонау 1910 жылы ашыл­ған қымызбен емдейтін тұңғыш ем­хана екені мәлім. Қымызды емдік сусын ретінде қолданатын шипажайлар бүгінде көптеп ашылуда. Мысалы, Жамбыл облысында «Шәушен» шаруа қожалығында кәсіпкер қымызбен емдейтін орталықтың жұмысын дөң­ге­летіп отыр. Шипажайдың ерек­ше­лігі сол – келушілерді атқа мін­гізе­ді, қымызбен емдейді.

Оңтүс­тік Қазақ­­стан облысының тау бөкте­рін­­дегі шипажайлары мен демалыс орын­­дарында да қымыз емдік су­сын ретінде ұсынылып келеді. Өкі­ніш­­ке қарай Үкімет тарапынан тиісті қол­­дау болмағандықтан біртін­деп жұ­­­мыс­­­тарын тоқтатып, жабы­лып қал­­­ған шипажайлар да аз емес. Қы­мыз бен шұбат өндіріп, оны ұлт­тық бренд­ке айналдыру жөнінде кезін­де «Егемен Қазақстан» газетінде де мә­селе көтерілген болатын. Ал Сенат­та ата-ба­ба­мыздың аманатына адалдық та­ны­тып, ардақтаған асын, сүй­сіне іш­кен сусындарын ұлттық бренд­ке айнал­дыру үшін «Қымыз бен шұбат жө­нінде» заң қабылдау қажет­т­ігі де ай­тылды. Жасыратыны жоқ, құрт ауруы­на бірден-бір ем екендігі дә­лел­ден­­ген бие сүтінің адам денсау­лы­ғы үшін пайдасы мол екенін зерделеп, зерт­теу өз деңгейінде жүргізілмей келеді.

Облыста туберкулезге қар­сы үш санаторий жұмыс іс­тей­ді. Оның екеуі балаларға, үшіншісі ересектерге арналған. Міне, осы емдеу орындарында басқаларға қарағанда қымыздың пайдасы жөнінде көбірек айтылатыны заңдылық шығар. Сондай-ақ бұл шипажайларда туберкулезден толық айығып кетуге барлық жағдай жасалған. Оның үстіне науқастар бірде-бір дәріні сатып алмайды. Дәрігерлердің айтуынша, анықталған аурулар емделмесе бір жылда 50 пайызға жуығы өлімге душар болады екен. «Байлығына немесе кедейлігіне қарамай санитарлық-ағарту мәдениеті төмен адамдар ауруға бейім тұрады. Уақытында тамақтан­байтындар, өз денсаулығына мән бермейтіндер, маскүнем­дер, нашақорлар, үй-жайы жоқ кезбелер, тұмаумен жиі ауыратындар, қант диабеті, өкпе-тыныс жолдары сырқатының созылмалы түрі мен асқазан-ішек жараларымен ауыратындар, туберкулез науқасымен қарым-қатынас жасайтын барлық отбасы мүшелері мен қызметтестері, жас балалар, жүкті әйелдер, кәрі кісілер туберкулезге бір табан жақындау екенін ашып айтуымыз, оның себептерін халыққа жеткізуіміз керек», дейді Б.Сағымбеков.

Туберкулезбен ауыратын нау­­қас­тармен байланыс жаса­ған адам­дардың барлығы ауырмайды. Сондықтан түшкірсе жұғады деген ойдан аулақ болу керек. Осындай күдіктің өзі-ақ адамның қорғану қабілетін төмендетеді екен. Сондай-ақ туберкулезге қарсы екпені балаларына салғызғысы кел­мей­тін ата-аналар бар. Осы жыл­дың 9 айында 203 ата-ана екпеден бас тар­тыпты. Былтыр олардың қата­ры 257 болған. Екпеден бас тарту­дың басты себебі – теріс діни көз­қарастар, теріс пікір­лер, түсінбеушіліктер. Бұл орай­да, тұрғындар арасында педиатр, фтизиатр, әлеуметтік қыз­мет­керлер, психологтар тарапынан түсіндіру жұмыс­тары жүргізілуде. Дәрігер­лер тіпті ата-аналарға балалары­ның өмірін туберкулезден сақ­тап қалу үшін дін қызметкер­лерінің көмегіне де жүгінеді. «Егерде науқас берілетін дәрі-­дәрмектердің көмегімен ауруынан жазылмаса, яғни консервативті ем қонбаса, өк­песіндегі қуысы жабылмаса, онда оған хирургиялық ем қол­данылады.

Ол үшін бізде 30 орынға өкпелік, 30 орынға өкпе­ден тыс ота жасай алатын хи­рургия бөлімшелері жұмыс істей­ді. Облыс әкімі Жан­сейіт Түйме­баевтың қол­дауы­мен, ден­саул­ық сақ­тау­ басқармасының бас­шы­­сы­ Мұқан Егізбаевтың ұтым­­­ды ұйымдастыруымен ма­ман­да­рымыз Новосібір, Астана, Алматы қалаларында білім­дерін жетілдіріп, тәжі­рибе жинақтап тұрады. Тора­копластика, резекция әдіс­тері қолданылады. Биылдан бастап бронхолокация әдісі сәтті жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бергі 9 айда 230 ота жасалды. Былтыр 402 ота сәтті іске асқан болатын. Оның 20-сы балаларға жасалды», дейді бас дәрігер.

Дәрігерлер арнайы тағайын­далатын препараттармен қатар, ананың сүтімен пара-пар бие сүтінің тубер­кулезді емдеуде септігі мол екенін айтуда. Ас­қа­занға күш түсірмей, ас қо­рыту жүйе­сіне пайдасы өте зор қымыз өкпе ауруларын емдеуде, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ете­тіні, қандағы қызыл қан түйір­шіктерімен (эритроцит) гемоглобин синтезіне әсер ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған. Бие сүтінде кез­де­се­тін ақуыздар, майлар, көмірсутегілері басқа сүт­тер­ге қарағанда ерекше болып келеді. Бұл ғылыми дәлел­денген қасиеттердің бір парасы ғана.

Ал оның зерттелмеген, ашылмаған тұстары көп. Қашаннан дәтке қуат, тәнге шипа қымыз туберкулез ауруына таптырмайтын ем. Бие сүтінде С витамині мол. Оның емдік қасиеті, әсіресе туберкулез ауруынан емдеу үшін айрықша жоғары. Сондықтан да туберкулезді қымызбен емдей­тін ең алғашқы курорт 1858 жылы Самара қаласының маңын­да ашылған екен. Де­ректерге жүгінсек, оны ұйым­дастырушы В.Толстиков деген дәрігер «Қы­мыз асқа­зан­ды ыстап, адам­ның өзін әл­дендіреді, оның тәнін жаң­­ғыртады», деп жазған. Нау­қас­тың туберкулезден то­лық айығуына оң ықпалын тигізетін қымыздың пайдасы туралы көп айтуға болады. Сондай-ақ дәрігерлер бұл дерттен 100 па­йыз жазылуға болатынын айтуда.

Айтпақшы, туберкулезбен сырқаттанушыларды емдейтін дәрігерлер сақтық шараларын бұлжытпай орындауы тиіс. «Мұндағы мамандардың жалпы емдеу саласындағы дәрігерлерге қарағанда қауіпті жерде жұмыс істеулеріне бай­ланысты туберкулезден сақтануы өте жоғары. Бұлай деуімнің себебі биыл 9 айда облыс бойынша 13 медицина қызметкері туберкулезге шалдықты. Оның 4-еуі дәрігер, 9-ы мейіргер. Бұлардың 12-сі жалпы медицина саласының мамандары. Біреуі ғана туберкулезге қарсы мекеменің мед­бикесі. Былтыр бұл көрсет­кіш жетеу болатын. Олардың ешқайсысы біздің мекеме қыз­меткері емес», дейді Б.Сағым­беков. Бас дәрігердің айтуынша, қымыз ішу де сақтық шараларының біріне жатады. Бұл орайда оңтүстікте қымыз өндірісі жыл санап дамып келеді.

Яғни сапалы қымыз тапшылығы байқалған емес және кәсіпкерлер арнайы орындар ашып қызмет көрсету сапасын талапқа сай етуде. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының Қаратөбе, Қас­қасу, Қоғалы, Алатау, Аққұм, Кемеқалған ауылдық округтері қымыз өн­дірісін дамытуға әбден маман­данған. Мысалы, өңірде өткен жылы 2415 бие сауылып, 1835 тонна қымыз өндірілген. Оның 1052 тоннасы сатылымға шы­ғарылыпты. Қымыз өндіру саласында мемлекеттік қолдау шаралары 16 шаруашылыққа көрсетіліп, субсидия көлемі 29,1 млн теңгеге жеткен. Ал Диханкөл ауылының тұрғын­дары арнайы этноауыл құрып, қымыз арқылы туризмді дамытуға ден қоюда.  

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ