10 қаз, 2017 сағат 12:59

Дихан Қамзабекұлы: Латын қарпіндегі әліпбидің соңғы жобасы - алдыңғысынан көш ілгері

Латын қарпіндегі әліпбидің жаңа жобасына ғалымдар, білім саласының азаматтары оң көзбен қарай отырып, тың нұсқа әлі де өзінің даму барысында тағы бір нақтыланады деген сенімде. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы латын қарпіндегі әліпбидің соңғы жобасына осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Диқан Қамзабекұлы өз сөзінде латын қарпіне немесе қазақ қарпінің латын нұсқасына көшу туралы идея 1992 жылдан бері көтерілгенін тілге тиек етеді. Идея қоғамда зиялылардың арасында кең ауқымда сарапталып, байыпталып, бүгінге дейін жетіп отыр.

«Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында нақты белгіленіп, қай жылдарда көшетініміз айтылған кезде зиялылардың бір серпілгені рас. Парламентте ұсынылған алғашқы нұсқа халықтың арасында көп талқыланды. Ол нұсқада әліпби клавиатурадан шықпай қалған. Шетелдің тәжірибесі негізге алғанғанымен, біздің қазақтың мыңдаған жылғы қалыптасқан дәстүрі, сөздер мен дыбыстарының байланысы, олардың байланысынан туындайтын ерекшелігі бар», - дейді Дихан Қамзабекұлы.

Ғалымның айтуынша, біздің санамызда қазіргі таңда үш қаріптің тайталасы жүріп жатыр.

«Біріншісі - латын қарпі, екіншісі - кирилл қарпі, үшіншісі - кириллдің негізінде жасалған қазіргі қолданыстағы қазақ қарпі. Жаңадан ұсынылып жатқан нұсқа алдыңғысымен салыстырғанда көш ілгері. Бұны қоғам қай тұрғыдан қабылдайды? Әрине, қазақтың өзінің дыбыстық ерекшелікке ие қаріптері бар. Соған лайықтап жазуға мына қаріп ыңғайлы екен. Бірақ, бұл да әлі өзінің қолданысына дейін, өзінің практикалық барысында нақтылығын табар деген ойдамыз. Мысалы, «у» әрпінің жаңа нұсқада жазылуын жас буын қалай қабылдайды дегендей сұрақ туып қалуы мүмкін. Ал тұтастай алғанда бұл үлкен ілгерілеушілік», - дейді ол.

Сонымен қатар, Дихан Қамзабекұлы кез келген қаріп өзінің пайда болуында бірнеше кезеңдерден өткенін, әліпбидің бірден 100 пайыз қабылданып, тәжірибеге еніп кету жағдайы өте сирек кездесетін құбылыс екенін айтады.

«Біздің тұтынып жүрген кирилл қарпіне бірнеше өзгерістер жасалған. Яғни, бұның барлығы да табиғи процесс. Әліпбидің қалыптасу жолында ешқандай кереғарлық іздеуге болмайды. Бұл халықтың қабылдауымен таңбаның дамуындағы өзіндік бір үдеріс. Біз қазір жаңа ықпалдастық дәуірінде отырмыз. Осы тұрғыда көз зердеміз, ақыл зердеміз, ой-түсінігіміз, парасатымыз бізді орнықты әрі ортақ шешімге жетелер деген пікірдемін. Күні кеше Елбасының алдында талқыланған жоба халықтың көңілінен шығып, өзінің даму барысында тағы да бір нақтыланады деген ойдамыз. Ал енді бұны қабылдау, жүргізу әрине, қоғамның өзінің білігіне, тәжірибесіне байланысты. Сондықтан, біз ғылыми жұртшылық, білім саласының азаматтары бұл нұсқаға оң көзбен қарап отырмыз», - деп түйді Дихан Қамзабекұлы.