02 қар, 2018 сағат 10:02

Digital Health Astana көрмесінде цифрлық жаңашылдықтардың игілігі айтылды

25-26 қазанда Елордадағы ҚР Ұлттық музейінде Digital Health Astana көрмесі өтті. Денсаулық сақтау министрлігімен ұйымдастырылған бұл шара медицина саласындағы IT-шешімдерге арналған. Электронды денсаулықты дамыту, цифрлық инновациялар, инфрақұрылым мен қауіпсіздік, деректерді талдау, интеграция саласындағы жетістіктер мен практикалық шешімдерді көрсету – шараның басты мақсаты саналады.

Айтулы шараға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, Францияның Қазақстандағы елшісі Филипп Мартинэ, ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды цифрландыру департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев, Санофи Қазақстан Басқарма төрағасы Ранга Веларатне, медицина ғылымдарының докторы әрі профессор Төрегелді Шарманов және т.б. мамандар қатысты.

Қазанның 26-да өткен форумда алғашқы болып сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев еліміздегі медицина саласындағы жаңашылдықтарды баяндап, ел тұрғындарына денсаулыққа қатысты ақыл-кеңесін айтты.

«Электрондық медициналық құжат арқылы дәрігерлер пациенттердің барлық құжаттарын көре алады. Біздің платформадағы негізгі мақсат – барлық мәліметтерді бір арнаға тоғыстыру. Бүгінгі таңда 400 ақпараттық жүйе бар», – деп атап өтті Денсаулық сақтау вице-министрі О. Әбішев.

Оның пікірінше, адам денсаулығының нашарлауы – денсаулыққа немқұрайлы қарауда. Бұған 50 пайыз әсер ететін салауатты өмір сүру салты. Ал дәрігерлер тек 10 пайыз көмек көрсете алады. Сонымен қатар, ол азаматтарды спортпен айналысуға шақырып, денсаулықты күту қажеттігін айтты.

Бүгінде жергілікті органдар мен IT-қауымдастық медицина саласын цифрландыруға өз қолдаушылықтарын білдіруде. Бұған қоса, биыл қағазбастылықтан арылту мақсатындағы пилоттық жоба іске қосылды. Ол Денсаулық сақтау министрлігімен жүзеге асырылуда. Осыған сәйкес, 2019 жылдың қаңтарында ел аумағындағы барлық облыстардың емханаларында іс-қағаздар электрондық нұсқада болады деп күтілуде.

Оның айтуынша, медицина саласына цифрлық жаңашылдықтарды толықтай енгізу – көптеген жағымды прогрестерге әкеледі. Ол өлім-жітім көрсеткіші мен аурудан уақтылы айығу секілді маңызды мәселелерді шешеді.

«Цифрландырудың арқасында емханаға бұрыңғыдай 2-3 рет  келіп жүрудің қажеті жоқ. Біз дертті алдын ала анықтауды үйрендік. Мәселен, Қарағанды облысындағы жергілікті билік 40 мың құрылғы (гаджет) орнатты. Олар цифрлық технологиялар арқылы жүрек ауруымен ауыратындарды анықтады. Осының негізінде біз аурудың алдыңғы сатысында тұрғандарды емдей алатын дәрежеге жеттік. Ол бойынша бүгінде 1700 емделуші дертінен айықты», – дейді вице-министр.

Вице-министрдің сөзінше, цифрлық технологиялар 1-2 жыл бұрын ойлағанымыздай ертегі емес. Бұл көптеген адамның өмірін сақтап қалатын қазіргі шындыққа айналды.

Одан кейін сөз сөйлеген Францияның Қазақстандағы елшісі Филипп Мартинэ француз үкіметінің цифрландыруға байланысты жасап жатқан істерінің жай-күйіне тоқталды. Сондай-ақ, аталмыш мемлекеттің алдағы жоспарларымен бөлісіп, цифрландыру бойынша Қазақстанмен өзара ынтымақтастыққа дайын екендіктерін жеткізді.

«Франция цифрлық экономика бойынша лидер елдердің бірі. Біз қазіргі президенттің уәкілеттілігіне сәйкес, 2022 жылға дейін «Цифрлық Үкімет» 100 пайыздық деңгейде болады деген мақсатты қойдық. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру «Цифрлық Үкіметтің» басты компоненттерінің бірі. Сондай-ақ, «Менің денсаулығым 2022» деген жоспар да бар. Елдің Денсаулық сақтау министрлігімен соңғы жетістіктерді пайдалану қарастырылған. Оған сәйкес, мобильді бағдарламалар жұмыс істейді, медициналық пікірлер жинағы бір файлға жинақталады. Біз де әлеуметтік қамтамасыз ету мен медицина саласы жоғары дамыған. Мемлекетімізде сұраныс өте жоғары. Сұраныс жоғары болған сайын медициналық қызмет те биік сатыда», – деді Ф. Мартинэ.

Сонымен қатар, ол «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын, өзара келісімдер жасалғанын тілге тиек етті.

«Біз цифрлық медицина үшін экономикалық орта қалыптастырғымыз келеді. Франция Үкіметінің басты тапсырмаларының бірі – медицина саласын цифрлық тұрғыдан дамыту. Бұл өз кезегінде цифрлық инфрақұрылыммен бірге дамуы қажет. Біз Қазақстанмен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі таңда қоғамдық көлік саласы бойынша келісім жасастық. Франция цифрландыру бойынша Қазақстанмен келісім жасасуға дайын дегім келеді», –  деп түйіндеді елші.

Ал ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды цифрландыру департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев болса  цифрландырудың маңыздылығын айтып берді.

«Қазіргі таңда емделушілер мобильді бағдарламалар арқылы электрондық форматта қызмет алатын деңгейге жетті. Egov.kz порталын пайдалана отырып, кез келген азамат онлайн форматта көптеген қызмет алуда. Цифрландыруға байланысты барлық медициналық орталықтар қағазбастылықтан арылатын болады. Дәрігердің өзі компьютерлік жабдықтарды қолдана алғаны жөн. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру ондағы сапаны көтеруге айтарлықтай көмектеседі», – дейді Б. Есенбаев.

Ал Санофи Қазақстан Басқарма төрағасы Ранга Веларатне болашақтың медицинасы қандай болатынын айтып берді.

«Мен бүгін денсаулық сақтау саласындағы трансформациялар туралы айтатын боламын. Тәжірибе – ең жақсы мұғалім. Сіз егер де бұрыңғы кезеңдеріңізге көз салар болсаңыз технологиялардың қалай әсер ететінін байқайсыз. Мәселен, ең алғашқы телефон ойлап табылған кезде 75 жылдай уақыт байланыс жасауға жұмсалды. Барлық адамды емдеу үшін көптеген дәрігерлер мен қыруар уақыт кетеді. Біз заманауи технологияларды толықтай қолданбаймыз. Технологиялар біздің жауымыз емес, оны пациенттің игілігі үшін қорықпай қолдануымыз қажет. Мекемелерді, компаниялар мен ғалымдарды  емделушінің жағдайы үшін біріктіруге тиіспіз», – деді Р. Веларатне.

Оның айтуынша, біз күшті қабілеттер мен зор әлеуетке иеміз. Сол мүмкіндіктердің барлығын еліміздегі пациенттерге көмектесу үшін қолдануға шақырған ол бәрі өз қолымызда екенін баса айтты.