#
#
Жексенбі 21/01/2018

Дидахмет Әшімханұлы. Ит жылы

  • 03.01.2018
  • 0
  • 891

ИТ ЖЫЛЫ

Ит мініп ирек қамшылап, итшілеп жүріп, ит жылына да жеттік-ау. Иншалла!

«Ит – жеті қазынаның бірі» ғой, бұл жылы ит те, құс та, иттің итақайы да ырыс-несібеге кенеліп, ит басына іркіт төгілген күндерді көреді деп сенемін. Өйткені... күту мен үміттен ғана тұратын ит тірліктің соңында жадырап шығар күн, жарқырап жетер бір жақсылық бар шығар. Тек соны итке ғана бітер төзіммен, бүгілмейтін итжандылықпен күту керек. Ол жақсылық баяғыдай ит арқасы қиянда емес, дәл қасымызда, иек астымызда тұрғандай. Олай дейтінім, бар тамаша, бар қазына Қазақстанда деп, ит өлген жерден мұнда ағылып жатқан бөгде-бөтен аз ба қазір? Мен білсем, олардың тұмсығы иттен иісшіл. Естеріңізде болар, ертеде солар ит жегіп, ит қорлығын көріп, Итжеккен мен Аляскаға да жетті емес пе? Ақыры сонда ителмен, инк, индейіс деген халықтарды атажұртынан иттей қылып қуып, өздері қап-қара алтынды итшаналарына тиеп, алыстағы еліне тасыды емес пе? Сөйтіп жердің арғы бетіндегі ит тұмсығы өтпес ормандар мен ит іздесе таппас иен мекенде итарқа қостарын тігіп, ит жүгіртіп, құс салып жүрген бейбіт халықтың итін шығарып, итжемі етті емес пе? Ал, «ит тойған жеріне» деп, сол арада қалып қойған бөгделердің көбі кейін жеке-жеке ел болып кетті емес пе?

Бұған қарап сіздер Қазақстанға келіп жатқандарға ит көрген ешкікөзденудің жөні жоқ. Баяғы эскимос, шүкшә, инк, ителмендер көрген күн енді адамды қойып иттің түсіне кірмейді, заман басқа, ел басқа. «Теріні илей білмеген итрәсуә етеді» дегендей, барымызды іс қылмай, байлығымызды игере алмай жатқанда, біреулер көмектесем, жарылқаймын десе, олардан аяғанды ит жесін. Бүгінде итке керексіз болып, әр жерде шашылып жатқан байлығымыз ертеңгі күні ел игілігіне асар көл-көсір қазынаға айналса, иттен сүйек бізге де ауысар. Ал әзірге ит жылы жөніндегі әңгімемізді әрі жалғастыра тұрайық.

Меніңше, біреулердің ит дегенде итжындары ұстап, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатса да, жалпы иттен бақытты мақұлық жоқ. Әсіресе, қала иттері. Ал қойға еріп, қотан күзетіп, еңбек сіңіріп жүрген ауыл иттері бұрын да ит есебінде болатын, қазір де ит қалпында қалған ғой. Олар туралы бар шындықты ашып салсаң, иісі ит баласының беделі түседі, қадірі кетеді. Сондықтан қала иттері туралы көбірек айтқан дұрыс. Көбірек айтпасқа лажың да жоқ, өйткені олар өзі де көп қой қалада, өте көп. Көше-көшеде биттей өріп жүрген ақ ит... көк ит. Көлік ішінде көрінгеннің бетін жалап, етегін иіскеп, еркелеп тұрған қара ит... сары ит... Әр пәтердің төрінде жатқан төбет ит... қаншық ит. Төбет демекші, менімен бала кезінде иткөйлекті бірге тоздырған Итемген деген досым маған мынадай қызық әңгіме айтқаны бар:

– Үрерге итім, сығарға битім жоқ, бойдақ кезім. Ауылдан қалаға келіп, иттей қаңғып жүріп, ақыры баспана деп тапқаным – бес этажды үйдің бесінші қабатындағы бес бөлмелі пәтердің қуықтай бір қуысы. Ол қуыста – өзімдей және бес жігіт, ауа жетпейді, құйрық айналмайды. Ал ат шаптырым төргі бөлмеде төбедей болып Тузик деген төбет жатады. Біз иттей ырылдаған үй иесінен гөрі жүні тікірейген сол иттен қорқамыз. Ол кезігіп қалғанда, қайын атамызды көргендей иіліп-бүгіліп, именіп өтеміз. Ол ыр етсе, үй иесі шыр ете түседі. «Иесін сыйласаң итіне сүйек таста» деген ғой, қожайынға деген бар құрметімізді иті арқылы білдіргіміз келіп тұрады. Осы итке бола кейде өзіміз де бір-бірімізбен итше ырылдасып қаламыз. Өйткені арамызда біреулер Тузикке артығырақ жағынып қояды да, басқамыздың беделіміз тым құлдырап кетеді. Бұған қалай шыдаймыз, итке жағыну жағынан дереу жарысқа түсуге ұмтыламыз. Ықыласы түсіп Тузик кімнің бетін бір жалап кетсе – жарыста соның озғаны, басына бақтың қонғаны. Несін айтасың, Тузик шіркін иттің иті, тектілердің тектісі еді ғой. Тектілігі сонда – біз қатқан нанды тасқа ұрып қаужап отырғанда... Тузик базардан жаңа әкелген еттің жыпжылы свежыйы болмаса, суып қалғанын иіскемейтін де. Біз тары көжені талғажау етіп жатқанда... Тузик шіркін ұртына жұққан майлы сорпаны жалап қоюға да ерінетін... Сөйткен Тузик, текті Тузик мені бір күн ит қылды ғой ақыры. Қалай дейсіз бе?.. Бірде талма түсте талықсып ұйықтап кеткен екенмін... Түсімде... ауылдағы сүйікті жеңгелерімнің бірі үс тіме сыздықтатып ыстық су құйе-еп тұр. «Ойбай, тәте-ау, қойсаңшы!» – деп бұлқына ояна келсем... біздің Тузик, ерке Тузик артқы аяғын көтеріп... аппақ шабын ашып... үстіме кіш ете-еп тұр. «Кет әкең!..» – деп іштен ыңқита бір тептім. Тузик ыр етті, иесі шыр етті... Мені есік сыртына шығарып, артымнан бір тепті... Мен ине жұтқан иттей бұралып, жетімдер бұрышынан бір-ақ шықтым. Ал, итпен ойнап көр енді!..

Бұл әңгіме түк емес. Маған қарағанда Итемген дос иттен оңай құтылған. Бір итті іштен бір тепкені үшін Жетімдер бұрышынан шығу деген не тәйірі? Ал мен?.. Әншейінде итті қойып, бөріні бөктеріп жүре беретін мына мен көршінің бір жаман көпек иті үшін түрмеде шіри жаздағам. Қалай дейсіз ғой? Былай...

Біздің үйдің алдында ат тулағындай ғана дөңгелек гүлзар бартұғын. Ол гүлзар – маңайдағы бүкіл иттің серуен бағы, демалыс паркіне айналған. Шөпті таптап, гүлге сарып, сайран салған шіркіндерге «Кет, әй!» дейтін пенде жоқ. Ал менің бес жастағы жалғыз ұлым асфальттың сыртына аяқ аттаса болды, сыпырғыш сабы шошаңдап, ел шетіне жау тигендей дүние түгел дүрлігіп шыға келеді. Қаным қайнап, іштей тынып мен отырамын. Сөйтіп отыра да берер едім, бір күні сол жалғыз ұлым – жарық күнім дала жақтан дауыс салып келсін де, есіктен озбай етпетінен құласын. Жырым-жырым шортысы. Бәтеңкесінің бір сыңары және жоқ... Аппақ қардай еті көк. Шортыны қойшы, «шорт с ним», ұлымның тікенге қимас тәніне тісі тиген иттердің. Өлейін-ай, өлейін, бұны көргенше өліп неге кетпейін деп атып шықтым далаға. Атойлап жеттім гүлзарға. Қанталаған көзіме көрінгені – көпек ит. Көпек иттің аузында – көк бәтеңкесі ұлымның. Есім кете ұмтылдым. Екі сирақтан ұстадым. Басымнан асыра иіріп-иіріп, көшеден әрі шырқаттым да жібердім.

– Өлтірді! – деді оң жағымнан бір дауыс.

– Фашис! – деді сол жағымнан бір дауыс.

– Милиция! Қайдасың, милиция?! Мына жауыз қырды ғой бізді тапа-тал түсте! Қайран Бобик! Өлдің-ау, Бобик! – деді тура алдымнан зарлаған ащы бір дауыс.

Қарасам... көпек иттің иесі көршім екен баяғы. Оның да екі аяғынан ұстап ап, басымнан асыра иіріп-иіріп лақтырайын деп едім, бірақ ол менен бұрын итіне қарай ұмтылды. Ал иті... мұндай итжанды болар ма, өлмек түгіл... шаңымды қағып бергеніңе рахмет дегендей, маған қарап сілкініп-сілкініп қойды да, иесіне еркелей ұмтылды емес пе.

Е, бұл да бір біткен іс болды дедім де үйге кіріп, ұлымды иіскеп, шаруа жағын шалулап кеттім қаперсіз. Сөйтіп қаперсіз жүре де берер едім... сол күні кешке... кешкі асымды енді аузыма ала бергенде... фуражкасы қоқайған, беті сопайған бір милиционер үйге кіріп келді ентігіп.

– Итті соққан сенбісің? – деді гүж етіп.

– Мен емес, – дедім шыныммен. – Итті соғып нем бар... тек ба сымнан асыра иіріп-иіріп лақтырып жібергенім рас.

– Неге лақтырдың?

– Балама тиіскен соң.

– Балаңа неге тиіседі?

– Оны өзінен сұра.

– Кімнен?

– Иттен? Милиционер атып тұрды орнынан.

– Сен білесің бе, Қылмыстық кодекстің бәленбайыншы бабы бойынша, хайуанатты қорлаған адам екі жылға дейін бас бостан дығынан айрылатынын?

– Не дейді?!. – Жүрегім су етіп бақайшығымның басына түсіп кетті. – Былай... жігітім, отыршы. Әңгімелесейік те жөнімен. Былай... келісуге де болады ғой... – деп қойын қалтама қол сала бастадым.

Милиционердің тізесі бүгіле берді. Менің қойын қалтамнан шыққан қолымды қайта қысып «амандасқан» соң... түсі де бірден жылынды, бетіне қан жүгірді.

– Бұл істі мен тергеушіге былай... жұмсартыңқырап тапсырармын. Онымен де былай... дұрыстаңқырап сөйлесерсіз, – деді ол қоштасарында.

Ертеңінде салып-ұрып тергеуші жетті үйіме. Сөз кешегідей өрбіді. Аяғы сол кешегідей аяқталды. Менің қойын қалтамнан шыққан қолымды ол да қатты қысып тұрып:

– Бұл істі мен прокурорға былай... сіздің жаққа қисайтыңқырап беремін. Ол кісімен де былай... тіл табысарсыз, – деді.

Бірнеше күннен соң мені өзіне прокурор шақыртты. Сөз баяғыдай басталды, аяғы да солай тынды.

– Бұл істі мен сот алдында былай... әрі-сәрі етіп жіберермін. Бірақ сіз де оған дейін былай... қамсыз отырмассыз, – деді ол менің оттай ыстық алақанымды қайта-қайта қыса түсіп.

Қамсыз отыратындай мен не, ақымақпын ба, епті қолымды сотқа да ұсынып үлгердім.

Қысқасы, «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар» дегендей, өстіп-өстіп ақыры мен жеңдім ғой. Жеңгенде... көпек итті көрге бір-ақ тықтым. Ит менің балама иттік жасаса, мен оған неге иттік істемеймін, сотқа барғанша санэпидемстансадағы біреуге де сүйек тастау арқылы көпек итті «құтырған ит» етіп алғанмын. Құтырғаннан сөйтіп құтылғанмын. Бірақ... осының бәрі менің мықтылығым дейсіз бе, әр қалтаға сұғып-сұғып жі берген майлы сүйектердің арқасы да. Солай, шырағым, сүйектің құдіреті осындай!..

Жә, бұны иттікке бола істелген иттік делік, ал алты аласы, бес бересі жоқ біреулердің ит десе итжындары ұстайтыны несі? Осыны ойлай-ойлай итім шығып бітті әбден. Иә, қазақтың әр сөзі «ә» десе «иттен» басталады. «Мә» дегеннің аузын «итпен» жабады. «Итті» тұздықтап соғар мақал-мәтелі қаншама?! Бірбірінің арасын «ит» жымдастырып тұратын тұрақты сөз тіркесі де баcтан асады. Мәселен, қазақ баласы алысты «алыс» дей салса, аузы қисайып кете ме, «ит арқасы қиянда», «ит өлген жер» деп ділмәрситінін қайтерсің? Тізе берсең, мұндай сөздер иттің боғынан көп. Оларды қай жерден, қалай теріп алғанын кім білсін, Итемген достың әйелі де бұ жағынан алдына жан салмайтынын таяуда өз көзіммен көріп, қайран қалғаным бар.

Итекең есіктен кіре бере, ол ит терісін басына қаптады дерсің:

– Күн ұзақ қаңғыған иттей қайда жүрсің осы сен? Байлаған иттей босағаңды күзетіп қашанғы жалғыз отырамын осы мен? Бүйтіп ит қорлығын көргенше өліп неге қалмаймын, ойбай?! «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деп, бұл үйден не мен кетейін, не сен кет, білдің бе? Жо-жо, мен емес, сен кет! «Кет дегенде ит те кетеді», білдің бе?! «Иттің боғы дәрі болса, дарияға тышады» деп, қит етсе ақша тауып жатқаныңды алдыма сап, басыма шы ғып біттің ғой, түге. «Иттің боғы қылшықсыз болмас» деп, ол ақшаны қандай жолмен тауып жүргенің бізге белгілі. «Ұры иттің артын сұқ ит жалайды» деп, банктегі анау тазыдай жылмаңдаған Құттыаяқ екеуің жең ұшынан жалғасып алып, майлы жіліктің басын қалай мүжіп жатқандарыңды елден жасырарсыңдар да, менен жасыра алмайсыңдар, білдің бе?!. Банк, ақша, қылмыс жөнінде он жерден заң шықса да, сендерге оның қайсысы тосқауыл болар дейсің, өйткені «Ит қорыған жерге өш» емес пе?! Заң деймін-ау, заңды іске асырар қатал тәртіп болмаған соң, сендер есірмей кім есіреді, «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген осы да...

– Әй, ит, қысқарт! – деп ақырды осы тұста Итекең. – «Иттің ішіне сары май жақпас» деп, әбден тойынған екенсің сен. Қатындығын істеп ең жанды жеріммен иттей қауып жатқанын қарашы, ей! Иттей ұлытып үйден бір-ақ қуайын ба өзіңді?! «Ит ырылдамай бермес» деп, бір шыны шайыңды күнде өстіп итімді шығарып беретін әдетің қашан қалады осы? «Ит үреді, керуен көшеді» деп үнсіз жүре берейін десем, бұның «әні» күн сайын үдей-үдей түседі, ей! Өмірі ит пен мысықтай боп өткен шешеңнен әзер құтылып едім, енді «Ит жоқта шошқа үреді қораға» деп, алдымнан сен шықтың-ау абалап. «Итті сүйекпен соқсаң, қаппас» деп, аузы-басыңды алтынға көміп мен жүрмін, ал сен... жақсылықты түсінбейтін ит екенсің, білдің бе?!.

– Итеке, – дедім мен бұдан әрі шыдамай, құлағына сыбырлап, – «Қасқырдан төбет қорыққанмен, қаншық қорықпас» деген, әйелмен айқасып абырой таппайсың, қой енді!

– «Бір ауылдың иті бір ауылға барып үрмес» деген, менің шаруамда не шатағың бар сенің? «Бұралқы ит үргенімен жағады» деп, қатынға жағынып қалайын деп пе ең? Көлденеңнен қосылған көк төбеттей болмай жайыңа отыр былай! – деді ол арс етіп.

Ит мені қапса, мен итті қапсам, иттен айырмам не болғаны, үнсіз тұрдым да, жүре бердім жөніме.

Солай, шырағым, қазақтың итке деген көзқарасы, міне, осы. Ал басқа халық... ой-ой, олар дегеніңіз итті иесіндей, қа сиетті киесіндей көреді. Мәселен, қараңыз... жуықта Мәскеу телевизиясынан сөйлеп отырған бір үлкен азамат не деді дейсіз ғой?.. «Ит адамның досы емес, – деді ол. – Иә, досы емес. Оны адамға дос дегеннен иттің де, адамның да абыройы асып кетпейді. Ал шын мәнінде ит – семьяның бір мүшесі. Дәл солай. Әйелің мен балаңа қалай қарасаң, итке де солай қарауың керек...»

Міне, сөз! Міне, итке берілген нағыз баға. Ендеше, ағайындар-ау, адамды ит деп қорлағанымыз былай тұрсын, итті көргенде «Айналайын сүйіктім, жаным, жарығым, жалғызым» деп неге өбектеп тұрмаймыз? Иә, сөйтейік, ит жылында итті өстіп қадірлейік, достар!..

Дидахмет Әшімханұлы

0 пікір

Пікір қалдыру

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар