15 қаң, 2020 сағат 12:19

Депутаттар сот-медициналық сараптама саласына қатысты ұсыныс айтты

ҚР Парламенті Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар сот-медициналық сараптама саласындағы кемшіліктерді айтты. Осы орайда Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сот-медициналық сараптама саласында ілгерілеушілік байқалмайды. Бұл салада қазір де маман жетіспеушілігі қатты сезіледі. Ал сот-медицина сарапшылары бар аудандарда мынандай қиындық алдан шығуда. Сот-медициналық сараптама қазір Денсаулық сақтау министрлігіне емес, Әділет министрлігіне қарайтынына байланысты сот-медициналық сарапшылар өздері жұмыс істейтін ауруханалардың бас дәрігерлеріне тікелей бағынбайды. Қызмет бабында жұмыс күндері өз міндеттерін атқарғанымен, сенбі-жексенбі күндері таптырмайды. Ол күндері кезекшілік атқарылмайды. Соның салдарынан тосыннан келген ажал жағдайында (операция үстінде, жол-көлік оқиғасынан, құрылыста немесе өндірісте жарақат алудан, кісі қолынан болатын өлім тұсында) сараптама жасалуға тиісті мәйіт дүйсенбіге дейін ауруханада немесе мәйітханада сол күйінде жатып қалатын жағдай жиі кездеседі. Мұның аяғы марқұмның денесін төртінші, тіпті кейде бесінші күні ғана жер қойнына беруге ұрындырады», - деп тоқталды депутат Сауытбек Абдрахманов Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда С. Абдрахманов бұл қай жағынан да өте ауыр екенін атап өтті. Халықпен кездесу барысында осы жайды жеткізушілер сот-медицина сараптамасы қызметін Әділет министрлігінен қайтарып, Денсаулық сақтау министрлігіне беруді ұсынған көрінеді.

«Біз олай ету дұрыс деп санамайтынымызды, кез келген саланың қызметіне баға беретін сараптама сырттан жасалуы жөн екенін айттық. Бірақ, мәселені мынандай жолмен шешуге болатын сияқты көрінеді. Сот-медицина сарапшыларының демалыс немесе мереке күндеріндегі кезекшілігін белгілеу ойластырылса дейміз. Әрине, ол кезекшілердің сол күндері жаманат болып қала ма деп ауруханада тәуліктеп отыруы міндет емес, әйтсе де сол күндері ұялы телефоны қосулы, оның үстіне жұмыс бабында, яғни тосыннан шақыруға дайын тұруы міндетті деп саналса дейміз», - деді депутат.