03 нау, 2017 сағат 11:52

Депутаттар министрді қай кезде жұмыстан шығара алады - конституциялық өзгерістер

Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Әбдірайым «министр заңды орындамаса, депутаттар Президентке үндеу жолдау арқылы оны жұмыстан босата алады» деген конституциялық өзгеріске қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Енді, «заңды орындау» дегеніміз, ол - мемлекеттік бағдарламаларды орындау міндеті. Бүгінде Үкіметтің мойнында біраз мемлекеттік бағдарламалар бар ғой. Сол бағдарламаларға қытысты Парламентке әрбір министрді жеке-жеке шақырып, есеп алу құқығын беру ұсынылып отыр. Мемлекеттік бағдарлама болған соң оның ішінде нақты индикаторлар көрсетілген. Сол индикаторлар орындалмаса, депутаттар министрді жұмыстан босату туралы ұсыныс жасай алады», - деді Әбдірайым ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Айта кетейік, отырыс барысында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков жаңа конституциялық өзгерістер бойынша депутаттардың министрлерді тағайындау және жұмыстан шығару жұмысына қатыса алатындығын жеткізді.

Депутаттар болса, сыртқы істер мен қорғаныс министрімен бірге ішкі істер министрін тағайындауды да Президенттің құзыретінде қалдыру қажет деп санайды.