21 ақп, 2018 сағат 07:46

Депутат: Мұғалімдерге пайызсыз несие беру – оларды ұстап тұру үшін таптырмас шара

Парламент мәжілісінің депутаты Жанат Омарбекова мұғалім мамандығының беделін арттыру бойынша біріккен отырыста мұғалімдерге пайызсыз несие беруді ұсынды. Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады. 

Мәжіліс депутаты бұл ұсынысты халықаралық тәжірибеге сүйеніп айтып отыр.  

"Халықаралық тәжірибені алып қарасақ, мұғалімдерге пайызсыз несие беру – оларды сол мамандықта ұстап тұру үшін таптырмас шара", — деді Омарбекова. 

Оның айтуынша, бұл амал елдегі мұғалім кадрларының тұрақтауына ықпал етеді.

Айта кетейік, кадрлардың тұрақтамауы туралы тағы бір халық қалаулысы Наталья Жұмаділдаева да сөз қозғаған еді. 

Оның пікірінше, кадрлардың тұрақтамауын ұлттық деңгейде есепке алу керек.

"Қазіргі уақытта мұндай есеп жүргізіліп жатқан жоқ. Деректердің жоқтығынан бұл ахуал туралы, проблемалар мен мамандықты тастау себептері жайында біле алмаймыз. Бұл ұстаздың беделін көтеру үшін тиісті шаралар қабылдауға кедергі келтіреді", — дейді Жұмаділдаева.

Депутаттың мәліметіне сүйенсек, кадрлардың тұрақтамауына ұстаздардың жалақысы мен еңбек ету жағдайына көңілі толмауы себеп болады.

"Айта кетсек, білім беру жүйесіндегі кадрлардың тұрақтамауына халықаралық формуламен баға беретін болсақ, біздің елде кем дегенде мұғалімдердің 1%-ы басқа салаға ауысар болса, жарты миллиард теңге шығынға ұшыратады", — деп алаңдайды мәжіліс депутаты.

Мұғалімдердің беделін арттыру қажеттігі туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 10 қаңтардағы жолдауында айтқан болатын.