#
#
Жексенбі 17/12/2017

Депутат Деймунд Ленин атауын өзгертуге неге қарсы?

  • 18.11.2017
  • 0
  • 1685

Павлодар қаласында патшалық-кеңестік кезеңдердің идеологиясынан туындаған атауларды егемен елдің ономастика саясатына сай атауларға ауыстыру мәселесі оқтын-оқтын көтерілуде. Нәтиже жоқ емес, бар: Куйбышев, Свердлов, Калинин, Дзержинский сияқты қызыл комиссарлардың құрметіне қойылған көше атауларынан арылғанымызға біршама жыл өтті. Бірақ Ертістің Кереку өңіріне еш қатысы жоқ патшазаданың, Ресей империясының қолбасшылары мен большевиктер көсемінің есім-сойларынан тұратын атаулардан осы күнге дейін құтыла алмағанымыз ащы шындық. Жергілікті билік тәуелсіз орыстілді журналистер мен ат төбеліндей патшашыл-кеңесшіл топтың кәрінен сескеніп, қол қусырып қарап отыр деуге ауыз бармайды. 

Қараша айының 16-сы күні «Колос» мәдени-сауық орталығында әкімдік қызметкерлері Ленин көшесін «Астана» деп қайта атау мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау ұйымдастырды. Жиынға қала тұрғындары мен қалалық мәслихаттың депутаттары қатысты.
Әрине, қарама-қарсы пікірлер айтылды, сезім ауанына беріліп сөйлеушілер де бой көрсетті. Әйтсе де, Астана атауын қолдаушылардың қарасы қалың әрі айтқан уәждері салмақты болды. Осы жайтты ескерген 8 депутаттың 7-еуі көпшілік шешімін мақұлдап дауыс берді. Тек депутат В. Деймунд Ленин атауын өзгертуге қарсы екенін мәлімдеді! 

Виктор Деймунд – «Нұр Отан» партиясының мүшесі, облыстық «Чернобыль одағы» ҚБ төрағасы, «Астана», «Астанаға – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», т.б. қазақстандық медальдармен марапатталған. Айтпақшы, «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің тағы бір мүшесі, зейнеткер Николай Кунов та Ленин атауын барынша жақтаған топтың қатарынан көрінді. 

Сонымен, депутат Виктор Деймунд неліктен Ленин атауын «Астана» деп өзгертуге қарсы болды? Мүмкін бұл жерлесіміз КСРО құрамынан бөлінген өзге республикаларды айтпағанда, Ресей Федерациясының өзінде Ленин есімі мен ленинизм іліміне қатысты «Ленинград», «Ульяновск», «Октябрьская» , «Советская», «Коммунистическая» тәрізді атаулардың түгелдей өзгертілгенін білмейтін шығар? Әлде егемендік кезеңінде Лениннің өмірбаяны түгіл аты-жөнінен мүлде хабары жоқ тұтас бір буынның өсіп жетілгенін байқамаған болар? Байқаса да, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басшылыққа алынған қазақстандық қоғамда жас ұрпақ тәрбиесіне ленинизм ілімін кіріктіруге қажеттілік жоқ екенін байыптай алмады ма екен? Немесе келесі 2018 жылы 20 жылдық мерейтойы аталып өтілетін Астана қаласының Тәуелсіз Қазақстанның символы екенін, коммунистік қоғамның келмеске кеткеніне ширек ғасырдан астам уақыт өткенін аңғармады ма? Кім білсін, әйтеуір, осындай бір гәп бар сияқты.

Дегенмен, Виктор Деймундтың қалалық мәслихаттың депутаттығына өтуіне қолдау көрсеткен сайлаушылар арасынан оған «Ленин» және «Астана» сөздерінің мән-мағынасын ұғындырып бере алатын азаматтар табылады деген үміттемін. Ал жаңа атаудың қалалық мәслихаттың алдағы сессиясында бекітілетініне сенімім мол.

Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы
.

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар