21 қар, 2019 сағат 14:09

Денсаулық сақтау министрлігінде «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» өтуде

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» жалпыреспубликалық іс-шарасы аясында азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түске дейін барлығы 30-дан астам адам қабылданды, соның қатарында бейнеконференция арқылы байланысқа шыққан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау, Алматы облыстарының тұрғындары бар.

«Жалпы, өтініштер медициналық қызмет көрсету сапасы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, шетелде емделу, ғылыми орталықтарда медициналық тексеру, консультациялық көмек көрсету және оңалту, медициналық персоналға шағымдар және басқалар мәселелер қаралды», делінген хабарламада.

Бұл іс-шара Мемлекет басшысының міндеттерін іске асыру аясында өтуде. «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнінің» міндеті – азаматтардың нақты әлеуметтік мәселелерін шешуге бағдарланып, халықпен тікелей диалогты нығайту.

 

Азаматтарды қабылдау қорытындысы бойынша вице-министр тиісті денсаулық сақтау басқармаларының, тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитетінің басшыларына, Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдық және ведомстволық бағынысты бөлімшелерінің басшыларына мәселелерді шешу үшін бірқатар тапсырма берді.

Қабылдау әлі жалғасуда.

Айта кетерлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған делегация Өзбекстан астанасында өтіп жатқан Қазақстанның медицина күндеріне қатысуда.