29 сәу, 2019 сағат 11:15

«Денсаулық» пойызы жолға шықты

«Қазақстан темір жолы» мемлекеттік компаниясы мен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті және медициналық сақтандыру қорымен біріге отырып, медициналық «Денсаулық» пойызын аттандырды. Сегіз ай бойы мамандар Қазақстан облыстарының темір жол бекеттерінде ауыл тұрғындарын қабылдайтын болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның шалғай жатқан темір жол станцияларына аялдайтын пойыздың сапары биылғы жылдың 21 желтоқсанында аяқталады. 240 күн ішінде шойын жол бойында орналасқан ауылдардың тұрғындарына шамамен 230 млн теңгенің қызметі көрсетілмек.

Атап айтар жайт, медициналық пойыздар негізінде көрсетілетін қызметтер «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан қаржыландырылады. Дәстүрлі жобаны «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бірлесіп жүзеге асырады. Сонымен қатар, «Денсаулық» пойызы Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары аумағындағы 195 стансаға аялдайды. Сапар барысында барлығы 40 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсету жоспарланып отыр.

«Денсаулық» пойызында рентген зертханасы, флюорография, ЭКГ, құрсақ қуысының УДЗ, ФГДС, УЗДГ қамтылған. Стоматолог-хирург, терапевт, невропатолог, кардиолог, хирург, гинеколог, офтальмолог, педиатр, отоларинголог, рентгенолог, маммолог, сомнолог, онколог, зертханалық дәрігер-лаборант, қызметтік диагностика дәрігері ауыл тұрғындарын тегін қарайды. 

"Тоқтала кететін жайт, биыл денсаулық саласы қызметкерлерімен бірге Медициналық сақтандыру қоры қызметкерлері де жолға шықпақ. Ондағы мақсат - стансалар тұрғындарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайлы жан-жақты мәлімет беру. Себебі, бұл Қазақстандағы әрбір тұрғынға қатысы бар, маңызды реформа. Сондықтан да Қор азаматтардың сақтандыруға қатысты сұрақтарына жауап беретін нүктелер санын арттырып, консультацияларды жетілдіре түсуге ден қойып отыр" делінген баспасөз баянында.

Консультациялар барысында шалғай елді мекендердің тұрғындары МӘМС жүйесінің артықшылықтары, кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік мнедициналық сақандыру пакеттері шеңберінде көрсетілетін қызметтер, сақтандыру жарнасының мөлшері, Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу тәртібі, мемлекет тарапынан сақтандырылатын санаттар жайлы толық мәлімет ала алады.


Пойыз 9 вагоннан тұрады. Оның ішінде төртеуі - емдік-диагностикалық процедуралар жүргізу үшін, ал екеуінде қызметкерлер орналасса, біреуінде дәрі-дәрмектер сақталады. Сонымен қатар, мейрамхана вагоны мен автономиялық қуат үнемдеу вагоны да бар.