01 сәу, 2020 сағат 09:02

Денсаулық басқармасы: Қармақшы және Шиелі аудандарында коронавирус табылды

1 сәуірде Қызылорда облысында коронавирус жұққан 6 адам анықталды, деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметовке сілтеме жасаған ресми ақпарат тарататын kyzylorda-news.kz сайты. Денсаулық сақтау министрлігі кейінірек ақпаратты растады. 

"Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар саны 24 адамға жетті. Олардың екеуі – Қармақшы ауданында, екеуі Жаңақорған ауданында, біреуі – Шиелі, ал алтыншысы – Қызылорда қаласында тіркелді. Қармақшы ауданындағы бір науқас Алматы қаласынан келген. Екінші науқас анықталып жатыр. Жаңақорған ауданындағы екі адам да осы инфекцияны бұрын жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болғандар. Шиелі ауданында да осындай жағдай, яғни, бұрын ауырған науқаспен тығыз байланыста болған. Ал Қызылорда қаласында анықталған адам облыста ең бірінші анықталған науқаспен қарым-қатынаста, тығыз байланыста болған, – деді Жақсылық Әбдісәметов.

Соңғы екі күнде Қызылорда облысында науқастар саны күрт көбейген. 30 наурызда Қызылорда облысында 5 науқас болған, ертесінде олардың саны 18-ге жетті. Қазір тағы алты адамнан анықталған. Барлығы 24 науқас емделіп жатыр. 

1 сәуірде Қарағандыда коронавирустан бір адам қайтыс болды. Қазақстанда барлығы үш адам вирустан көз жұмды. Науқастардың жалпы саны 369-ға жетті.