19 шіл, 2018 сағат 20:02

«Денис және оның достары» мұзды шоуы (Видео)

Денис Теннің соңғы мұзды шоуы 9 маусымда Астанадағы "Барыс Аренада" өткен еді. "Денис және оның достары" атты өнер кеші қазақстандық спортшының есеп бойынша төртінші шығармашылық шоуы болды. Мәнерлеп сырғанау жұлдыздары, жанды музыка, театрландырылған қойылым, инновациялық техникалық элементтер - осының барлығы Денис Теннің мұзды шоуынан көрініс тапқан.

Шара Астананың 20 жылдық мерейтойына орайластырылған еді. Әлемдік деңгейдегі бұл кешке Ресей, Франция, АҚШ, Канада, Қытай және Жапония елдерінен мәнерлеп сырғанау спортының жұлдыздары келді.

Еске сала кетсек, бүгін Алматыда танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді пышақтап кеткені хабарланды.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында бейсенбі күні түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.