20 шіл, 2018 сағат 18:06

Денис Теннің өлімі: Күдікті Арман Құдайбергеновке қатысты тың мәліметтер белгілі болды

Денис Теннің өліміне екінші күдікті Арман Құдайбергеновке қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Күдікті Арман Құдайбергенов Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының тұрғыны бұрында да сотты болғандығы анықталды.

«Бұл азамат 2013 жылы сотталған. Ол кезде күдіктінің жасы 17-де болған. Тергеу барысында Арман 2012 жылдың 9 желтоқсанында қарақшылық әрекетке барғандығы дәлелденген. Яғни, ол түнде көшеде кетіп бара жатқан азаматты соққыға жығып,  ұялы телефонын тартып алған. Сот үкімі бойынша ол бір жылға бас бостандығынан шектелген болатын,  - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі. 

Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. 

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.

Сондай-ақ,  Денис Теннің өліміне күдікті Нұралы Қиясов күзетпен Алмалы аудандық сотына жеткізілген.

Ал алдын ала таратылған ақпарат бойынша Денис Теннің өлімі бойынша күдікті екінші адам Арман Құдайбергенов ұсталды.