24 шіл, 2018 сағат 12:52

Денис Теннің көлігінен ұрланған айнаны қабылдамақ болғандар анықталды

Денис Теннің көлігінен ұрланған айналар кімдерге өткізілуі тиіс екені анықталып, олар полицияға өздерінің жауаптарын берген. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыповтың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Денис Теннің өлімі бойынша күдіктілер айнаны кімдерге өткізбекші болғаны анықталған және олардан жауап алынған.

«Оларға қатысты тиісті шаралар жүргізіліп жатыр», - деп нақтылады вице-министр.

Бұдан бөлек ол күдікке ілінген Нұрлан Қиясов пен Арман Құдайбергеновты ұстаудың мән-жайын ашып айтпады.

«Біздің жұмысымыздың барлық әдістерін ашып айта алмаймын. Бірақ та бұл әдістер өз тиімділігін көрсетті және айыптыларды қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді», - деп қосты Р. Жақыпов.

Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 19 шілде күні Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Спортшы тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлердің үстінен түскен. Арада жанжал шығып, салдарынан күдіктілер Денис Тенге пышақ сұғып алады.

Спортшы 3 литр қан жоғалтқан. Дәрігерлер 2,5 сағат бойы оның өмірі үшін күрескенмен, ажалдан арашалап қала алмады. Денис Тен 17:30-да ауруханада жан тапсырды. 

Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев бас прокурор мен ішкі істер министріне істің жіті және объективті тергелуін қамтамасыз етуді тапсырды.

20 шілде күні таңертең мәнерлеп сырғанаушының өліміне күдікті Нұралы Қиясов ұсталды. Ол Жамбыл облысының тумасы, 24 жаста. Сол күні кешке екінші күдікті Қызылорда облысының тумасы Арман Құдайбергенов ұсталды.

Ал бүгін Денис Теннің өліміне қатысты тың деректер шықты. Алматы ІІД ақпаратынша, оқиғаны көзбен көрген адамдар табылған. Бетпе-бет кездесу барысында Нұралы Қиясов Денис Тенге пышақ сұққанын мойындады. Бұған дейін Арман Құдайбергенов пышақ жарақатын салғанын айтқан еді. Екі күдікті де бұрын заңды бұзған.