19 шіл, 2018 сағат 14:28

Денис Тенді кім пышақтағаны белгілі болды

Алматыда көлік тонаушылар мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді пышақтап кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оқиға бүгін түскі үштер шамасында Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болды. 

"Денис Тен автокөлігінің айнасын ұрламақшы болған екі белгісіз адамның үстінен түскен. Төбелес шығып, салдарынан Денис Тен пышақ жарақатын алды", — делінген хабарламада. 

Аталған фактіге қатысты тергеу жүріп жатыр. Күдіктілерді анықтау және ұстау шаралары қолға алынды. Алматы қаласы ІІД барлық жеке құрамы жұмылдырылған. 

Денис Тен қазір ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр, ол көп қан жоғалтқан.

"Бейсенбі 19 шілде күні сағат 14.56-да жедел жәрдемге пышақ жарақатын алғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жедел медициналық жәрдем бригадасы жіберілді", — де хабарлады денсаулық сақтау басқармасы. 

Тен Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Бастапқы диагнозы – оң жамбастың үстіңгі бөлігінен пышақ жарақатын алған, тамырларына зақым келген, қан жоғалтқан.

"Аурухана түскенде науқастың жағдайы өте ауыр болатын, шұғыл түрде жансақтау шаралары атқарылды, барлық тиісті білікті мамандар науқасты жедел емдеуге кірісті", — деп мәлімет берді басқармадағылар. 

Денис Тен — қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, ол 2014 жылы Сочи Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған болатын.