28 шіл, 2018 сағат 21:18

Денис Тен туралы кітапты екі күнде 100 мың адам жүктеп алған

Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында жарияланған «Біздің Денис» кітабының электрондық нұсқасын жүктеп алушылар қатары көбейген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі күннің ішінде электронды кітапты 100 мың адам жүктеп алған. Соның ішінде Қазақстан (50 процент), Ресей (12 процент), Қырғызстан (7 процент), Оңтүстік Корея (6 процент), Өзбекстан (5 процент), Франция (5 процент), Америка (4 процент), Түркия (4 процент), Италия (3 процент), Канада (2 процент) және тағы басқа елдердің азаматтары бар.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ҚР Ұлттық кітапханасы қазақстандық танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қаза табуына байланысты «Біздің Денис» деп аталатын кітап шығарды. Кітапта спортшының өмірбаяны, жарқын сұхбаттары, сондай-ақ ел, отбасы және өмір туралы айтылған пікірлері келтірілген. Онда Денистің сирек кездесетін және жарыстар мен әр түрлі іс-шаралардан естелік фотосуреттері, сондай-ақ әлемдік және қазақстандық жұлдыздардың естеліктері бар.