#
#
Бейсенбі 18/10/2018

Денис Тен: Еңбегімді бағалаған еліме басымды иемін

  • 20.07.2018
  • 0
  • 7191

Кеше қазақ елінің мақтанышы, Олимпиада жүлдегері, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Денис Тен дүниеден озды. Оқыс оқиға барша жұрттың қабырғасын қайыстырып кетті...

Осы орайда Денистің әр жылдары басылым беттеріне берген сұхбаттарынан ой-толғамдарын топтастыруды жөн көрдік.

***

Менің жұмысым - мұз айдынға шығып, жақсы өнер көрсету. Мен күміс жүлде алғаным үшін де өте қуаныштымын. Өйткені, біздің елде мәнерлеп сырғанау спорты әлі де болса қатты дамымаған. Ал Әлем біріншілігінде топ жару үшін бірнеше жыл бойы өз еліңді таныстырып, өзіңді қалыптастыруың керек. Мені де төрешілер тануы үшін бірнеше жыл кетті. Мен сізге бір жағдайды айтып берейін. Жастар арасында өнер көрсетіп жүргенімде көптеген адамдар маған "Қазақстан қай жерде" деген сұрақтар қоятын. Ешкім де білмейтін біздің елді. Бұл жәйт менің намысыма қатты тиетін. Бірақ, мен оларға Қазақстанның қандай ғажап ел екенін жиі айтып жүремін. Беларусияда алғашқы рет жастар арасындағы Әлем біріншілігінде топ жарғанымда, бір адам «картада жоқ мемлекеттің спортшысы бірінші орын алды» деген болатын. Дәл осы кезде менің көзімнен жас шығып кетті. Сол уақыттан бастап мен өз-өзіме Қазақстанды барша жер жаһанға танытамын деген мақсат қойдым. Сол уақыттан бері мен тынбай еңбектеніп келе жатырмын.

(2013 ж.)

***

Осыдан бірнеше жыл бұрын мені Ресейдің шақыртқаны туралы әңгіме болған-ды. Бірақ, ол жақтан ресми хат келмеді. Ал Әлем біріншілігінен соң да тағы ұсыныстар болды. Бірақ, мен сіздерге айтайын, мен Қазақстаннан ешқайда кетпеймін. Мен Қазақстанның нағыз патриотымын!

(2013 ж.)

***

Бала кезімде мен шамадан тыс белсенді болғанмын, бұл энергияны жұмсауым керектігін ата-анам түсініп, мені түрлі секцияларға алып барып жүрді. Акробатика, жүзу, теннис, каратэ, таэквандо, би, музыкалық мектептерге барып жүрдім. Дегенмен мәнерлеп сырғанауды таңдадым, өйткені ол спорттың бірнеше түрін жан-жақты қамти алады.

(2014 ж.)

***

Мен жаттықтыруларға шамамен 5 жасымнан бастап бардым, үйірмелер бірдіндеп көбейе бастады. Сосын мектепке бара бастағаннан кейін бір нәрсені қысқарту керек болды. Мен таэквандо мен каратеге бардым, бұл менің идеям еді. Көп төбелесетінмін, өте қызу мінездімін, маған төбелесу үрдісінің өзі ұнайтын. Егер маған бір нәрсе ұнамаса, адам қандай жаста екені маңызды болмады, яғни, қаншалықты ол үлкен болса да мен жай ғана шырпы тәрізді шарпып, әрқашан төбелеске араласып кететінмін. Сондықтан шығар, менің анам қарама-қарсы жақтан дамытуға тырысып, би мен музыкаға, көркем сурет үйірмесіне берді. Айталық, шығармашылық секцияның ішінде мәнерлеп сырғанау да болды.

(2014 ж.)

***

Уақыт өте келе ол: «Билеп болған шығарсың, жетер, орал қайтадан! Бұл коньки не тәйірі!» - деп реніш білдіретін. Алайда ол Қысқы Азия ойындарында достарымен бірге маған жанкүйер болып келгенде жарыстың қандай деңгейде өтіп жатқанын, мәнерлеп сырғанау – бұл би емес, спорт екенін, біздің жанұяда қандай да бір салмақты жетістіктер бар екендігін көріп, алғашқы табыстарымнан кейін мені шын ниетімен қолдай бастады. Сөйтіп, айналысып жүрген ісіме түсіністікпен қарай бастады. Дегенмен, әрине, бірінші кезекте барлық нәтижелер – менің ата-анамның еңбегі. Өйткені әрбір жанұя әлдеқандай табыстарға қол жеткізуге кепілдік бермейтін іске өзіңді арнап, мұндай батыл қадамдарға бара бермейді деп ойлаймын.

(2014 ж.)

***

Мәнерлеп сырғанау – бұл жалғыздықты сездіретін спорт түрі, орындау уақыты кезінде сіз шынымен де шынайы өмір сүресіз, алайда бұл психологиялық, эмоциялық тұрғыдан шаршатады. Спортшы бір жылдың ішінде көп жарыстарға қатыса алмайды, егер оның маусымда 10 жарысы болса – бұның өзі көп болып саналады, әдетте 5-уден артық сайыстар болмайды. Ал мұз айдынына шығу алдында нені естуге болатыны жаттықтырушыға да, спортшыға да байланысты: кейбіреулері мұз айдынына келіп, оларға барлығы жақсы болады дегенді ұнатады, біреуі көңілдерін көтергендерін жақсы көреді, мысалдар түрлі болады, бұл спортшының діліне байланысты. Менің жаттықтырушым орынды сөздер таба біледі.

(2014 ж.)

***

Мен Қазақстанның нағыз патриотымын. Адамдар әлі күнге дейін маған: «Денис, сен Сочиде Қазақстан атынан сырғанайсың ба?» - деп сұрайды, шынымды айтайын, мұндай сұрақ мен үшін зәбір. Әрине, ұсыныстар болды, алайда менде мемлекетке деген шынайы сезімім әрқашан да болды, мен әлемнің түрлі жерлерінде болдым, алайда қайтып оралғанда ылғи барлығына: «Жігіттер, бізде барлығынан да жақсы!» - деп айтамын. Бұл махаббатым жыл сайын өсті, қазіргі уақытта мәнерлеп сырғанауда Қазақстанды менің арқамда біледі және ешкім ойланбайды да. Денис Тен мен Қазақстан – бұл бір тұтас болғаны ғой, іштей де, сонымен қатар сырттай да дәл солай көрінеді. Мен жан-тәнімен нағыз қазақстандықпын және мемлекеттің атынан шықққаныма өте мақтан тұтамын, әрине, бұл үлкен жауапкершілік.

(2014 ж.)

***

Негізгі бағдарламаға өзім үшін, көрермендер үшін шықтым. Шынымды айтайын, жүлде туралы ойламадым. Әр элементті таза орындап, ішкі толқынысымды жеңуге тырыстым. Бәрі ойдағыдай аяқталып, жақсы баға алдым. Одан кейін жаттығу залына бардым да дене қыздырып, қарсыластарымның өнеріне де қарап жүрдім. Тек соңғы спортшы шығып, оның бағасын жариялағанда жүлде алғанымды түсіндім.

(2014 ж.)

*** 

Жеңіске жеткеннен кейін де көпке дейін ұйықтай алмай жаттым. Бірақ бұл жолы қуаныш пен эмоция ұйықтатпады. Олимпиада – жүгі ауыр, қысымы көп жарыс. Жанкүйер де, баспасөз де сенен ерекше нәтиже күтеді. Сондықтан осы соңғы бір ай көлемінде өзімді барлық әлеуметтік желіден, интернеттен шектеп, телефон қоңырауларына жауап бермедім. Тек олимпиада туралы ойладым. Бұл маған көмектесті деген ойдамын.

(2014 ж.)

***

Үйренгенімді елге әкеліп кәдеге жаратамын. Олимпиада чем­пион­дарын Қазақстанға ертіп келіп, кө­рер­менге тікелей та­ныстырсам деймін. Олардан да мық­ты спорт­­шы­лар бізден әлі шы­ға­ды. Меніңше, ту­ризм­­­нің тетігі – ше­тел аралау емес, өз еліңді насихаттау, өзің­­де барды әлем­ге көр­сете білу. Ше­тел­ге гала-кон­­цер­т­­­­терге бар­ған­­­да Қазақ­стан да мәнер­леп сыр­ғанау­дан есесін жі­бер­­мей­тін­ді­гін көр­­сеткім ке­ліп, барым­ды саламын.

(2017 ж.)

***

Қазақ елінің даңқын асырып, туын желбіреткенім үшін мемле­кеттің ең жоғары деңгейдегі бір­қатар атақ-дәрежелерін алдым. Еңбегімді бағалаған еліме басымды иемін. Сый-сияпат, марапат алған­мен, оның артында жауапкершілік, қазіргіден де жоғары талап, тұғыр­дан түспей ұстап тұру секілді міндеттер мойныңда тұрады. Қазақ елінде мәнерлеп сырғанау кәсіби деңгейде дамиды деп үміттенемін. Бізде де ең үздік мектеп қалып­таса­ды. Келешекте спорт мемлекеттің төлқұжатына ай­налады.

(2017 ж.)

***

Ең негізгісі – өзіңе сену. Олимпиада қателікті кешірмейді. Қас пен көздің арасында ме­даль қолдан сусып шы­ғып кетеді. Ең бірінші пси­хо­логиялық тұрғыда дайын болсам, сенімді сыр­ғанаймын. Мәнерлеп сыр­ғанау – мұз үстінде жел­дей есіп құламай ай­дынды айнала беру емес. Күрделі, елді таңғал­ды­ратын шалт қимыл­дарды уақыт­пен са­наса отырып қамтып үлгеру. Құлау, сәтсіз қадамдарды сол сәтте-ақ түзетуге тыры­са­мын. Кейде мүлт кете­тін сәтсіздіктер болды. Келесіде сол қатемді қай­таламауға күш сала­мын.

Мінсіз сырғанасам, ешкім аяқтан шалмай­тыны анық. Чемпион болудың төте жолы – тынымсыз еңбек, өзің­ді дамыту, іздену. Қазір спорт күн сайын дамуда. За­манға, жаңалыққа тек ілесіп отыру керек. Төре­шілердің жоғары бағасын алға­нымен, көрерменнің көңіліне кір­бің түсірмеу керек. Яғни, сыр­ғанау, әдемілік, жалт-жұлт еткен қи­мыл, әсерлі музыка бәрі үйлесім тап­қаны маңызды.

(2017 ж.)

***

Бала кезімде алғаш сырғанап жүр­генде үйрететін мамандар көп бол­са, чемпиондарды көрсем деп армандайтынмын. Үлкен мұз ай­дындарында құстай қалықтау ар­ма­ным еді. Жылдар өте арман-үмі­тім орындалып жатқанына қатты ри­замын. Қазір Қазақстанда үлкен мұз сарайлары салынуда. Азиада, Уни­версиада өткізілді. Мұның барлығы – қысқы спорт түрін дамыту, бұл салада чемпиондар тәрбиелеудің бастауы. Еңбектің нәтижесі де жоқ емес. Қазір мәнерлеп сырғанаудан Қазақ елін әлем мойындайды. Спорт – елдің төлқұжаты.

Шеберлік – тынбай еңбектену, көп­жылдық тәжірибе. Спорттың құпиясы – тек қана физикалық алып күш емес, білім мен логикалық әдісті тиімді қолдана білу. Қай спорт түрі болса да оның қыр-сырын, техникасын жете зерттеп, ұғынып алмай, нәтиже болмайды. Күш мық­ты, әдіс-тәсілді меңгерген емес, орнымен қолданған чемпион бо­лады.

(2017 ж.)

*** 

Биыл мен үшін өте қиын болды. Осы маусымда жарақаттан толық айыға алмадым. Десе де, ата-бабам туған мекенде Олимпиада ойындарында өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Мақтан тұтамын. Қандай қателіктерге бой алдырғанымды жақсы сезініп тұрмын. Күнде ұйқыдан оянғанда аяғымның жарақаты бар екенін сезіп оянамын. Сондықтан «жарақатымен жарысқа шығамын» деген ой көкейімде тұрады. Мен үшін психологиялық тұрғыдан бұл ауыр тиеді. Алдағы уақытта жарақатымнан толықтай сауығып кетсем, үлкен спортты жалғастыра беретін шығармын. Негізі, «Сочи Олимпиадасынан кейін спорттан кетемін» деген ой болған. Оны уақыт көрсете жатар. Біздің Қазақстанда жалпы қысқы спорт мектебі бар. Сочиде мен жүлде алсам, міне, Пхенчханда Юлия Галышева елімізге алғашқы қола медалді салды. Мен оны жеңісімен құттықтаймын!

(2018 ж.)

Мәліметтер Massaget.kz, azattyq.org, inform.kz, voxpopuli.kz, aikyn.kz сайтары арқылы топтастырылды.

Теги: сұхбаттары, Денис Тен

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар