21 шіл, 2018 сағат 12:32

Денис Тен қаза тапқан жерге жақын маңда тағы бір көлікке шабуыл жасалды (Фото)

Денис Тен қаза болған жерден 150 метр қашықтықта тағы бір көлікке шабуыл жасалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл туралы көліктің иесі, Алматы тұрғыны, белгілі жазушы Илья Одегов Facebook парақшасында жазды.

"Бүгін түнде, шамамен сағат 03.00-де белгісіз біреулер көлігімнің терезесін шағып, ішіне кірмекші болды. Оқиға Денис Тен қайтыс болған жерден 100-150 метр жерде, үйдің жанында болды", деп жазды Одегов.

Оның айтуынша, бұл үйде тұрып жатқанына көп болған. Көлігі сол жылдардан бері аулада тұрады. "Сызып кеткен кездер, қалпақшаларды, ұсақ-түйектерді алып кеткен кездер болған, бірақ айтарлықтай қастандық болған емес. "Оның үстіне, көлігімде құнды зат болмайды, көшедегі шамның тура астында тұр, салонның бос екенін сырттан-ақ көруге болады. Қасымыздағы үйдің қабырғасында камера тұр. Ұйықтаған жоқ едім, көшеден бір дыбыс естіліп, дабыл қаққыш іске қосылды. Терезеден қарасам, көліктің жанында адамдар жүр. Екі жігіт", - деді Одегов.


"Ондай адамдармен бетпе-бет келудің қаншалықты қауіпті екенін жақсы білемін. Денис Тенмен болған трагедия - осыған мысал. Бірақ түсінбеймін, сенің жеке затыңа тиісіп жатқанын көре тұра, басын құмға тыққан түйеқұс сияқты қалай тығылуға болады. Бұл бәлкім, түйсік шығар, қорғау түйсігі, басқаша әрекет ету өзіңнің әлсіздігіңді, жасықтығыңды мойындап, тұлға ретінде күйрегеніңді білдіретін шығар. Бірнеше жыл бұрын басқа ауданда көлігімнің айнасын ұрлап, мен ойланбастан оларды қуа жөнелдім, бірақ жете алмадым. Ол кезде де, қазір де оларға жетсем не істейтінімді ойлаған жоқпын, ойлағым келмейді де.

Бұл түні көшеге бұрағыш кілтті қолыма ала сап жүгірдім (басқа немен қарулануға болатынын ойламадым). Көліктің жанында ешкім болмады. Мен қылмыскерлерді қорқыттым, бірақ олар ұзап кетті деп ойламаймын. Қараңғыда ауладан дыбыстар естіліп жатты", - деп жазды алматылық әлеуметтік желіде.


Зардап шегушінің айтуынша, ол полицияға арызданған. Алайда бұл іс таңға дейін жалғасқан.

"Түндегі оқиғадағы ең қорқыныштысы - бұл оқиға Денис Теннің көлігінің айнасын шешіп алуға тырысқан күннен бір күн өткенде және тап сол ауданда болғаны. Шуға қарамастан, біздің ауданда қазір полицейлердің жүргеніне қарамастан болып отыр, демек, ұрылар еш нәрседен қорықпайды", - деді ол.

Еске сала кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. 

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.