19 шіл, 2018 сағат 15:08

Денис Тен дүниеден озды

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Алматыда жасалған шабуылдан қайтыс болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Ернар Әкімқұлов растады.

Денис Теннің жарақат алғаны туралы хабарлама бүгін сағат 14.56-да жедел жәрдемге түскен. Ол орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Бастапқы диагнозы – оң жамбастың үстіңгі бөлігінен пышақ жарақатын алған, тамырларына зақым келген, қан жоғалтқан.

Кейін қалалық ІІД өкілдері Денис Тенге автоұрылар шабуыл жасағанын мәлімдеді. Денис Тен автокөлігінің айнасын ұрламақшы болған екі белгісіз адамның үстінен түсіпті. Оқиға Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. 

Аталған фактіге қатысты тергеу жүріп жатыр. Күдіктілерді анықтау және ұстау шаралары қолға алынды. Алматы қаласы ІІД барлық жеке құрамы жұмылдырылған. 

Денис Тен - ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.