04 жел, 2019 сағат 10:51

Денесі контейнерден табылған қарағандылық келіншектің 5 миллион теңгесі болған

38 жастағы қарағандылық Жанар Бөлегенованың өлімі жайлы тың ақпараттар шықты, - деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

Телеарна мәліметінше, сол күні келіншекте өзімен бірге 5 миллион теңге болған. Туыстарының сөзінше, ол алаяқтардың арбауына түскен. Себебі ол бір қаржылық жүйеге ақша салып, аз уақыт ішінде пайызымен қайтарып алып тұрған. Бірнеше рет пайдаға кенелген соң, туған-туыстардан қарызданып жүріп 5 миллион теңге жинап алыпты.

Алайда қомақты қаражатты апарып берген адамы оны буындырып өлтірген. Мәйітті қаланың шеткі ауданына таксимен жеткізіп, темір жәшікке тастаған. Марқұмның артында кәмелетке толмаған екі баласы қалды. Күдікті ұсталған.

"Жедел іздестіру шаралары барысында 36 жастағы күдікті ұсталып, мойындау көрсетпелерін берді. Бүгінгі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің  99-бабы бойынша іс тіркеліп, соның аясында оқиғаның мән-жайы анықталады", - дейді Қарағанды облыстық ПД баспасөз хатшысы Жаңатай Сембеков.