25 мау, 2019 сағат 13:04

Демеушілердің есебінен екі мыңға жуық пәтер беріледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев демеушілердің есебінен тұрмысы төмен отбасыларға баспана беру жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бүгінде ірі компаниялар мен бизнесмендердің есебінен баспана сатып алу шаралары қолға алынды. Мәселен, жақында Болат Өтемұратовтың қоры 100 пәтер сатып алды. Кәсіпкер Нұрлан Смағұлов 11 пәтер сатып алып берді. Бұған дейін Қазақмыс 48 пәтер алды", - деді Сапарбаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, биыл үш айдың ішінде демеушілердің есебінен 385 пәтер сатып алынды.

"Бүгінде біз үлкен бір мақсат қойып отырмыз. Жылдың аяғына дейін осы санаттағы пәтерлердің санын, кем дегенде, 1 700-ге дейін жеткізуді көздейміз", - деп атап көрсетті Сапарбаев.

Айта кетейік, бүгінгі баспасөз мәслихатында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр жеңілдетілген баспана кредиттері туралы айтты. Оның сөзіне сүйенсек, шілде айынан бастап жеңілдетілген ипотекалық кредиттерді беру басталады: жылдық мөлшерлемесі - 2 процент, алғашқы жарнасы - 20 процент, мерзімі - 20 жыл.

Склярдың айтуынша, жеңілдетілген ипотека көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға және мүгедек баласы бар отбасыларға берілетін болады. Ал отбасының төлем қабілеттін тексергенде, мемлекеттік жәрдемақылар есепке алынбайды. Яғни, жәрдемақы ғана алып отырған отбасыларға жеңілдетілген ипотека берілмейді.