19 шіл, 2019 сағат 09:40

Демалыс күндері Қазақстанның бірқатар өңірінде күн суытады

«Қазгидромет» РМК 20-22 шілде аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Демалыс күндері барикалық өріс қайта өзгереді деген болжам бар. Сондықтан Қазақстанның солтүстік облыстарына атмосфералық фронттармен бірге Орал аймағынан салқын және ылғалды ауа түсе бастайды.

Атмосфералық фронттар оңтүстік-шығыс бағытта баяу жылжи отырып, өз жолында қысқа мерзімді жауын-шашын, найзағай, дауыл, бұршақ ала келеді. Күннің жылуы әлсірейді. 

Бірақ республиканың оңтүстік облыстарында күн әлі де ыстық боп, ауа температурасы бұрынғысынша - 38...45°С қалпында сақталады.

Айта кетейік, 17-19 шілдеде Қазгидромет Түркістан және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Шымкентте дабылды ескерту жариялаған болатын.

Түркістан облысының басым аумағында күн 43 градусқа, кей жерлерде 45 градусқа дейін ысыды. Ал Шымкентте +40-42 градус аптап ыстық болды.

Соңғы үш күнде Қызылорда облысында да 40-45 градус ыстық болды.