27 там, 2018 сағат 10:40

Декретке шығу: 1 миллион теңгені алу үшін не істеу керек

Қазақстанда декретке шыққан азаматтарға мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақылар бар. Оның көлемі жарты миллионға жетпейді. Дегенмен, одан екі, тіпті үш есе артық жәрдемақы алуға мүмкіндік бар. Ол үшін әлеуметтік жарналарды ай сайын аударып отырған жөн, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Айта кеткен жөн, бүгінде республикалық бюджеттен төленетін бір реттік босану жәрдемақысы жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін барлық әйелдерге бірдей беріледі. Оның мөлшері: бірінші, екінші және үшінші балаға - 91 390 теңге, төртінші және одан көп балаға -151 515 теңге. Бұдан бөлек, бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақы да бар. Ол да бала санына қарай 13 853 - 21 405 теңгені құрайды. Сонда барлығы шамамен 175 366 - 408 375 теңгеге шығады. Дегенмен, кез келген азамат мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша жәрдемақы ала алады. Ол үшін ресми түрде жұмыс істеп, ай сайын әлеуметтік жарналарды аударып отыру қажет. Ал ондай жарналар неғұрлым көп болса, соғұрлым көп қаржы алуға болады.

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ басқарушы директоры Нұрсулу Кемелдің айтуынша, қордан жүктілік пен босануға қатысты екі төлемді алуға болады.

«Мысалы, менің жалақым 100 000 теңге дейікші. Соның 10 проценті табыс салығына, тағы 10 проценті зейнетақы қорына кетеді. Ал жұмыс беруші мен үшін табысымның 3,5 процентін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударады. Мен таза қолға 80 мың алсам да, жұмыс беруші әлеуметтік қорға 90 мың теңгенің жарнасын аударып отырады. Себебі ондайда зейнетақы қорына кеткен қаржы да ескеріледі. Сонда менің орташа жалақым 90 мың теңге деп белгіленеді. Осы қаржыны кемінде 4,2-ке көбейтеміз. Себебі әйел декретке шыққаннан бастап босануға дейін 4 айдай жұмыссыз отырады. Осы уақыттың ақысы өтеледі. Сөйтіп, мемлекеттен берілетін жәрдемақының үстінен тағы 400 мың теңгедей алуға мүмкіндік бар. Ал ауыр босану, я болмаса, егіздер туса, коэффицент 4,2 емес, одан жоғары - 4,7 болады. Сосын Семей жақта, бұрынғы ядролық полигонға жақын жерде тұратындарға 5,7-6,2 коэффиценті беріледі. Бұл тек жүктіліктің қаржысы», - дейді Н.Кемел.

Бұдан бөлек, қорда бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем де қарастырылған. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 процентін құрайды. Мәселен, орташа айлық 90 000 теңге болса, оның 40 проценті - 36 000 теңге. Оны он екі айға көбейткенде 432 000 теңге шығады. Сонда тек әлеуметтік қордан берілетін жәрдемақының көлемі 800 000 мың теңгеден асып кетеді. Маманның сөзіне қарағанда, бүгінде декретке шығатын кейбір келіншектер ақының аз төленіп жатқанына шағымданады. Олар мемлекеттің жәрдемақысын алады, бірақ әлеуметтік сақтандыру қорының төлемақыларынан тыс қалады.

«Олар айтады, күнкөріске жетпей жатыр, баланы асырау да оңай емес. Ал әлеуметтік қордан жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақыны алу үшін ай сайынғы жарналар болуы қажет. Жас аналар жұмыс істедік дейді. Алайда ресми түрде еңбекақыдан әлеуметтік жарналар төленбеген. Біз базаны қараймыз. Онда еш жерде жұмыс істемеген болып шығады. Ал ресми түрде жұмыс істемесеңіз, біз Сізге ол төлемді тағайындай алмаймыз. Әрине, мемлекетпен кепілдендірілген жәрдемақылар төленеді. Алайда әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша төлемді алу үшін ресми түрде жұмыс істеу керек. Ай сайынғы жарналар болуы шарт», - деп атап көрсетті Н.Кемел.

Айта кетейік, алдағы уақытта бірыңғай жиынтық төлемін енгізу жоспарланып отыр. Ол арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар барлық әлеуметтік төлемдерді жасай алады. Соның ішінде зейнетақы жарнасы, табыс салығы, әлеуметтік төлем және медициналық сақтандыру қорына түсетін жарна да бар. Оның көлемі бір айлық есептік көрсеткіш - 2 405 теңгеден аспайды. Ал ауылдық жерлерде екі есе төмен болады. Соның арқасында мемлекеттің барлық әлеуметтік жәрдемақыларын алуға мүмкіндік бар. Бірыңғай жиынтық төлемі ерікті түрде төленеді деген жоспар бар.