10 қаң, 2017 сағат 21:09

Дайағашшы немесе «адамды қойып жақсы аттар да өліп қалады»

Құлақ күйі

Жарықтық, Зейнелқабден ақсақалдан асқан атқұмар жан көрмеппін де, естімеппін. Ол кісі үшін жер бетінде бәйге атынан қадірлі ештеңе жоқ секілді. Өзі момындау кісі еді. Қырсыққанда өзіне көңіл өсірерлік жүйрік те бітпеді. Бірақ кімде жүйрік бар, өмірі соның айналасында өтті. Бәйгеге баптарда суарысып, жайылтысып дегендей сол атты күндіз-түні айналып-толғанады. Сол үйдің қолбаласындай жата-жастана жүріп қызмет етеді. Біреу жүйрік атын әредік қойға, иә, әлде бір шаруаға мініп жүргенін көрсе, астынан аударып алуға бар. «Құдай-ау, басқа қылқұйрық табылмай қалды ма, обал емес пе? Мә, менің атымды мін!» деп өз атын түсіп береді. «Бәленбай деген жүйрік атымен қарағай сүйреп жүр екен» дегенді естісе, басқа шаруаны ысырып қойып солай тартады… Бәйге жақындағанда шабандоз баланың қозы жайып, қой қайырып жүргенін көрсе тағы да қомпылға басады: «Айналайын, қозыңды мен қайыра тұрайын, сен демалшы, ертең бәйгеге шабасың, ұйқыңды қандыр. Бұлар не қылған адамдар ей! Атқа шабатын балаға қозы қайыртып. Бар жүгір, мен айтты де!». Өмірі осы. Жылқы да, бала да өзінікі емес, бірақ осылай. Ауылдағы бүкіл жүйрік осы кісінікі сияқты. Күйінеді де жүреді. Сол атқұмарлығына сай  елдің есінен кетпестей бір сөзі қалды-ау жарықтықтың.

Орталарында Зекең қария бар бір топ адам көрші ауылдағы қайтыс болған кісінің жақындарына көңіл айтуға барады. Бұлар кірген бетте жоқтау айтып дауыс салып жылаған әйелдер бір-екі ауыз басу сөзге тоқтау бермейді.  Үш қайырған «хұлхуаллаға» сәл кідіргенімен, сүре аяқтала бере күрекпен бөгей тұрған арық суындай қайта екпін алып, екілене еңіреніп қоя береді. Мына кісілер саса бастайды. Бәрі ең үлкені болған соң басу айтыңыз, тоқтатыңыз дегендей Зейнелқабден ақсақалға қарайды. Сонда Зәкең, бір жағы сасқалақтап қалғанынан ғой, бір-екі жөткірініп алып: «Е, айналайындар! Жөн ғой, жылағандарың жөн. Бірақ сабыр етіңіздер! Алла сабырлылармен бірге деген. Жазмыштан озмыш жоқ, қимағанмен амал не? Талайды көріп келеміз, өмір деген сондай өзі, адамды қойып, не бір жақсы жақсы жүйрік аттар да өліп қалады» деп жан-жағына (қалай айттым дегендей) қарайды дейді жарықтық. Босағаға жақын жерде жоқтау айтып отырған екі келіншек мырс етіп орамалдарымен беттерін басқан күйі сыртқа шыға жөнеліпті. Жоғарыда отырған, қайтыс болған кісінің бәйбішесі күлкісін жылаумен жасырып мырс-мырс етіп жалғастырып отыр дейді. Мына жақта отырғандар қысқан күлкіні сыртқа шығара алмай қыстығып өліп қала жаздайды. Ақыры бұлардың да алды далаға шығып үлгеріп, қалғаны үй ішінде «жарылады» ғой. «Ақсақал-ау, не деп кеттіңіз, аты несі, қайдағы ат?» деп екі шекесін ұстап, тоқтап-тоқтап солқылдап тұрып күледі дейді. Көңіл айтушы қариямызда үн жоқ, қызарып, қос тізерлеп жүгінген қалпы бүктеле еңкейіп отырып қалыпты…

Бұл айтып отырғанымызды күй тартыларда домбыраның қос құлағын кезек бұрап тыңқылдатып бабына келтіріп алатыны секілді алда айтылар әңгіменің құлақ күйі деп біліңіз. Біздің ауылдың үлкендері Зекең ақсақалды көңіл айту оқиғасымен күліп еске алса, ауылда өткен айтулы бір бәйгедегі ісін айтып еріксіз бас шайқасып күрсінісіп алатын…

Дайағашшы

Жас ортасына келгенде танауын жарғызған ұлына сүндет той жасап ат шаптырғалы жатқан біздің үйдің көршісі Ниғымет еді. Тойдың дайындығы деп, әсіресе, алыс-жуықтан келетін аттар жайы, қонақтар күйі дегендей күнде кеңес, күнде думан. Ақылдасудың аяғы аттың әңгімесіне ауысып жиналған жұрт кейде таңға таяу тарасып жүрді.

Бәйгеден екі-үш күн бұрын «дайағашшылар тізімін жасау» деген бір науқан бар. Оған да бір қой сойылып, ұйымдастырушылар жиналып ақылдасады, қызу талқы жүреді. «Өткен жолы Елеусіздің бәйгесінде бірінші атты Көксеген ұстады, енді Бәжібек ұстасын…», «әй, Жанаттың кемпірі өліп, көңілі жасып жүр ғой, екінші атты со кісіге ұстатпаймыз ба?» деген секілді уәждерін алға тартысады. Бұл біздің ауылда сақталып қалған қазақ бәйгесінің ерекше бір дәстүрі еді. Кейін есейе келе өзге өңірдің бәйгесін көрдік. Кей өңірде бұл дәстүр үзіліп, әуелгі сорабын таппай қалыпты.

Дайағашшы тағайындау тұтас қазақ бәйгесінің бір бөлігі екеніне тарихи деректер арқылы да көз жеткізу қиын емес. Ол туралы сәл кейін. Қазірше дайағашшы деген кім, ол не істейді дегенге қысқа жауап бере кетейік.

Мысалы, бәйгеге жетпіс ат қосылса соның тең жартысына жуығына, яғни, отыз атқа жүлде тігіледі. Отызыншы келген атты «үзіліс» деп оған алдыңғы бес аттың бірінің бәйгесімен бірдей жүлде береді. Ол басқа әңгіме… Ал осы отыз ат бәйгеден келген кезде оларды ұстайтын отыз кісі топтан бөлініп дайын тұрады. Осы адамдарды дайағашшы дейміз. Әр кімге нешінші келген атты ұстайтыны ескертіледі, қағазға да жазылып қояды. Дайағашшылар қырағылықпен санап тұрып, өзі ұстайтын ат мәреге жақындай бергенде жанасалай шауып атты сулығынан ұстайды да, сүйіншілеп иесіне әкеледі. «Атың бәйгеден келді ме?» деген қайда, бәйгеден келген атын жетелеп алдына келіп тұрған кісіден қазақ несін аясын,  жүлденің жартысы дайағашшынікі болады. Тіпті кейбіреулер «Бәйгеден атым келген атағы да жетеді, жүлдесі – сізге!» деп мәрттік жасайды! Мұндайда «Онда той біздікінде! Айналаңызды түгел ертіп келе беріңіз» деп екі сөзге келтірмей екі етегі желбіреп үйіне қарай шабады дайағашшыңыз. Сөйтіп, өз алдына тып-тыныш, бей-жай отырған әлгі үйде әп-сәтте қой сойылып, қонақ күтіліп, той-думан басталады да кетеді.

Ал әдетте бірінші аттың жүлдесіне түйе тігілсе оның қасына бір тайынша дегендей қоспасы бірге жүреді. Ат иесі түйені өзі алса да тайыншаны дайағашшыға береді. Сондықтан да дайағашшыны таңдау маңызды. Негізінен мал дүние жағынан орталау, алайда елге сыйлы үлкен кісілерден құралады. Бірлі-жарым үлкен әулет, қара шаңырақта отырғаны ескеріліп қосылған жас жігіттер де болады.

Қысқа ғана тарихи дерекке жүгінейік. «Бәйге аттарының алдынан бірнеше адамдар шығады, бұларды «даяшы» дейді, […] бәйгеге шабатын аттардың сәйкестігіне байланысты қанша сыйлық берілетін болса, сонша даяшы аттарды күтіп қатарласып тұрады. Мысалы, ат бірінші келе жатса, бірінші бәйгенің даяшысы шауып барып, ат үстіндегі баланың бас киімін алады. Бұл төрешілерге көрсетілетін айғақ. Даяшы берілетін сыйлықтың 10 пайызын өзіне алады» деп жазады зерттеуші Ахмет Тоқтабай «Қазақ жылқысының тарихы» атты энциклопедиясында 1905 жылғы «Алибий. Киргизские сьезды №51» құжатына сілтеме жасап. Ал зерттеуші Бекен Қайратұлы «Қазақтың атбегілік өнері» атты кітабында «Ат ұстайтын даяғышалар (төрешілер) саны той иесі тағайындаған жүлде санымен бірдей болады» деп жазады. Байқап отырғаныңыздай бір нұсқа «даяшы», бір нұсқа «даяғышы» болып тұр. Біз естіген, әлі күнге дейінгі қолданыстағы нұсқа «дайағашшы». Атқа байланысты «ат ағаш», «мамағаш» деп келетін сөздерді ескерсек соңғы нұсқа қисынға келіп тұрған сияқты. Қазір де Қытайдың Алтай, Тарбағатай өңірі, Моңғолиядағы қандастар ортасында бұл дәстүр әлі де қолданыста. Ондағы айтылуларда «дайағашшы», «дәйағашшы» болып келеді. Кейбір жерде «кіреші» деп те аталады екен. Қысқасы, бұдан «дайағашшы» қазақ бәйгесіне ортақ дәстүр екенін қапысыз аңғарамыз. Бұл айтпақ әңгімемізде оның атынан гөрі мән-мағынасының маңыздырақ екенін еске сала кеткеніміз де жөн шығар.

Сонымен, дайағашшы болу деген той иесінің және сол ауыл адамдарының үлкен құрметі деген сөз. Иә, алабөтен атқұмарлығына тәнтіліктен болар, иә қоңыртөбел тұрмысына септесін дегеннен болар біздің ауылда Зейнелқабден қария бәйге сайын белді дайағашшылардың бірі болушы еді…

Бәйге 

Ауыл адамдарының «Бұл бәйгеге түйеқоңыр келеді екен» деп дүрлігіскеніне айға жуықтаған. Түйеқоңыр көрші ауданның жүйрігі. Оның алыстан жеткен атақ-даңқы орасан еді. Тай күнінде құнан бәйгеге қосылып бірінші болып келіп, жүлдесіне түйе алған екен. Содан бері «Түйеқоңыр» атанып, «Түйеқоңыр» атанғаннан бері алдына қылқұйрық түсірмей бәйге сайын жалғыз қара келеді дейді…

Ал біздің ауданда, дәл біздің ауылдың тұмсығынан сыпырған төлтумасы «Нәбидің кертөбелі» деген жүйрік бар. Ол да бәйгеге қосылған алты жылдан бері алдына қара салмаған хас жүйрік. Бәйге сайын маңдайы жарқырап жалғыз келе жатушы еді жануар! Ауылдың кейбір бәйгесінде «Ат терінің обалына қалмай бәйгесін бере салыңдар» дейтін ақсақалдар. Ондайда Кертөбелге «шаппай бәйге» беріліп, сол бәйгеден бірінші келген ат екінші келген саналады да екінші аттың жүлдесі берілетін.

Ал! Бүкіл ауылды күнде дүбір, күнде күбірге салған сын сағат жақындап келеді. Түйеқоңыр мен Кертөбелдің бір бәйгеде жолығуы осы жолы. Атақ-даңқына екі жақтың да елі қанық қос жүйрік жайлы әңгіме желдей еседі. Бәйгенің уақыты таяған сайын менің де бала көңілімнің уайымы қалыңдай түскен. Тіпті, кей түндері «Кертөбел басқа емес, осы жолы бірінші келсе екен…» деген арман-тілекпен ұзақ уақыт ұйықтай алмай дөңбекшитін болдым. Зейнелқабден қария Кертөбелдің маңында дейді. Бір қызығы, Кертөбел бәйгеге өзі бапталатын. Аялап мініп жүріп, бәйгеге 20 шақты күн қалғанда жүген-ноқтасын сыпырып өзен бойындағы қоршаулы түбекке қоя береді, жануар бәйге белгісін осыдан білетін болуы керек, сол күннен бастап өзін-өзі жарата бастайды екен. Су тұнығын жүзе жұтып, өлеңшөп жұлмай, төрт аяғын көсіле тастап күнге қыздырынып ұйықтап дегендей әбден баптанады. Зекең шал Кертөбелдің сыртынан бағып, назарын бұрады, ұйқысын бұзады деп Кертөбел жүрген аумаққа мал аяғын бастырмай аңдумен болады екен.

Түйеқоңыр келерден екі күн бұрын ауылдың ақсақал, көксақал, жігіт-желеңі жиналып тағы бір кеңес болып жатты. Жаман айтпай жақсы жоқ, алда-жалда Кертөбел кейін келіп қалса қайтеміз деген кеуіл де айтылды. Бәйге ұзын жолға шабатын. Таңертең ерте ат айдаушылар айдап әкетеді, кеште бірақ келеді. Жігіттер жағынан біреу «Кертөбел Ішігеннің жазығына түспей-ақ желке жағымен төтелей тартса аз болса да жол қысқартады» дей беріп еді, «тәйт» деді әкемнің ағасы Мәден атамыз. «Хайуаннан хайуанды арамдық істеп оздырғанды қай атаңнан көріп едің? Алла көріп тұр ғой. Бағынан көрсін!» деп тыйып тастады. Осы кезде сөзге Кертөбелдің иесі Нәби ақсақалдың ұлы Әділбек араласты. «Артық демесеңіздер, бір амал бар. Кертөбелдің айғай сүйетінін білесіздер ғой, Аралшоқының тұмсығындағы жартаста бес-алты жігіт тұрсын. Кертөбел дәл сол жерге келгенде қиқулап айғайласын, бойында жаны болса, Кертөбел екені рас болса сол жерден озуы керек!» деп терең тыныстап бір күрсініп алды да арқасын тамға сүйеп кейін шегініп отырды…

Бәйгеге екі күн қалғанда Түйеқоңыр келді. Ол кезде атты машинамен алып жүрмейді. Жетелеп әкеледі. Түйеқоңыр Көктоғай ауданының бір қиырындағы ауылдан Шіңгілдің бір қиырындағы біздің ауылға жеткенше араға екі қоныпты. Атты болдыртып алмау үшін барынша ақырын жүріп жылақонақтап жетіпті. Қасында екі атқосшысы, шабандозы бар Түйеқоңырдың иесі келіп түскенде айналадағы елі түгел ағылды. Амандық-саулық сұрасқанша-ақ атағаштың маңы жыпырлаған адамға толып кетті. Үймелеп Түйеқоңырдың о жақ, бұ жағынан шығады. Тұтас тұрқын кестелі кежіммен жасырып әкелген екен, сонда да иесі шыдамады, «Оу, жарандар жылқы көрмеп пе едіңіздер? Обал емес пе, осынша көздің сұғы, обал емес пе?!» деп атағаштан шешіп алды да шылбырды атқосшысына берді. Біздің жігіттердің біреуі атқосшыны атқораға қарай бастай жөнелді.

Жануар! Жаратылысы шынымен өзге жылқыдан бөлек екен. Тұрқы қандай ұзын, сұлу! Есік пен төрдей деген осы шығар! Негізі, Кертөбел де өте сұлу жылқы. Бірақ тұрқы мынадан қысқарақ, есесіне биік еді. Шоқтығы жоталанып шығып тұратын. Сосын ойнақы еді жануар! Жүрген жүріс те, тұрған тұрыс та сұлу, сергек-тін. Бес-алты аттың ортасына түссе, шетіне қарай шығып алып анда-санда ауыздық басып қойып, кекіл қағып, шұлғи ойнап, шерте аяңдайтын.

Түйеқоңырыңыз да көрген көзді сүріндіріп тұр енді. Ертең бәйге деген күні біздің қораға әкеліп байлады. Атқосшы жігіт таң атқанша неше кіріп неше шықты. Бізде де жөнді ұйқы болмады. Қиял шіркінде шек болған жоқ. Қалғып бара жатып Кертөбелдің келе жатқанын көрем… Түнеукүні Кертөбелге мінетін шабандоз бала Әкімбекпен төбелесіп, оны ұрып жібергенім есіме түсе береді. Таңда төбелесіп, кеште ұмытатын он жастағы баламыз ғой,  бәйге таяғанда қайта еске түскені. Бекер-ақ тиіскен екенмін деген өкініш анда-санда өзегіме бір соғып, өрт жалындай жалап өтеді. «Бірінші болып келсе екен байқұс…».

Боймұздатар аңызақ желі бар күздің таңы енді ғана атып келе жатқанда ат айдаушылар «ат шығар, ат шығарлап» айғайға басты. Аттардың құйрық-жалын өріп, күлтелеп кекіл буып кермеге байлағанша Моншыққызыл аталатын қызыл таудың желкесінен қылтиып күн де шығып келе жатты. Кертөбелді тағы да бір көрмекке керме жаққа жүгірдім. Адам көп. Қолдарында аттың құйрық-жалын өріп байлайтын шүберек, әсемдеп кекіліне тағатын шоқ-шоқ үкі, қамшыға байлап аттың көзін сүртіп отыратын түкті мата, атқа шабатын немерелерінің қалтасына салып беретін құрт, қолбасындай кесек ет деген секілді қыруар дүниелері бар әжелер де жүр… Кертөбел керменің шет жағына таман байланыпты. Бір мұнша ел соның айналасында екен. Жануар! Онсызда сұлу еді ғой, бауырынан жарап бабына келгендегі, жал-құйрығы өріліп дүбірді сезгендегі тықыршыған бейнесі тіпті бөлек екен-ау! Бұл өзі сондай ат. Көп жүйрік бойын жасырып, сүлесоқ аяңдап, бәйгеге қосылғанда ғана бауыр жазушы еді ғой. Кертөбел кез келген уақытта жаныңды жадыратып жарқ-жұрқ етіп тұрғаны, жарқ-жұрқ етіп жүргені!..

Әкімбекке «Өткендегіні кешір» дейін деп оқталғам. Жеңінен тартып өзіме бұра бергенше болған жоқ, Әділбек екі қолтығынан қапсыра ұстап «Әуп, біссіміллә!» деп Кертөбелдің жайдақ арқасына қондыра қойды. Тақымы тастай неме ғой, жабыса қалды. Басында қанқызыл шыт, жарасып-ақ тұр! Тізгінін қағып әсем бастырып, шерте аяңдатып, айналасына «Ал мен кеттім!» дегендей бүктеулі қамшысын бұлғап-бұлғап қойып қаз-қатар тізіліп жатқан аттарға қосылды. Зұлпықар қария амандық, ақжол тілеп бата берді. Төрт ат айдаушы сүмбедей жараған 90-ға жуық қылқұйрықты алдарына салды да «Тескентау қайдасың» деп көлбеп жатқан күнбатыс көкжиекке қарай тартып берді. Кермеден ұзап бара жатқан Төйеқоңырды да көзім шалып қалды. Ол да сусылдап сұмдық сұлу жүреді екен. Баласы басына көк шыт тартыпты.

Аттар сол жүргеннен мол жүріп сиыр түсте Тескентауға жетеді. Айдаушылар сол жерден қайыра тізіп қайтуға белгі береді. Жол бойы еңісі де, өрі де, жазығы да, тастағы мен құмы да бар. Өзім де бірнеше рет бәйгеге шапқан жер. Барғанша қиын, сегіз көзің талады. Арлы-берлі қисайып та отырасың. Қайтарда бәрін ұмытасың. Ауырған, талған жеріңді ойлауға да мұршаң келмейді.

Сонымен мұнда қалған жұрт түске таман тойлы ауылға ағылады. Бас тартылып, бата беріліп дегендей ас ішіледі. Астан соң бесін өтеп алған ақсақалдар бастап жаяу-жалпылы, тайлы-таяқты дегендей бүкіл ел бәйгетөбеге қарай шұбайды. Бәйге келгенше қызық думан сонда болады. Ауыл-ауыл бойынша балуан салынып, қол күрестіріп, өгізарқан тартысады. Ән-жыр айтылып, айтыс болады. Осындай жиын топтың шып-шырғасын шығармай ақырып жүріп басқаратын Қойшыбай деген қария бар. Әсіресе, ат келе жатқанда алдынан жүрігетін жұртты астындағы торжорғамен кеуделете тықсырып топқа тыққанда сыртынан қарап тұрған адамның зәресі қалмайды. Ат біреудің аяғын басып кетеді-ау, біреудің баласын мыжып кетеді-ау деп ойламай ма екен дейсің. Қысқасы, ол кісі бір ақырғанда жұрт қойдай иіріліп, қоғадай жапырылады.

Екінті ауа ел елеңдей бастайды. Барлығының көзі Аралшоқының тұмсығындағы жартаста. Бәйгенің алғашқы аты дәл сол тұстан көрінеді. Бәйгеге жаралған-ақ жер шіркін! Бәйге аттары сол тұмсықтан жарқ етіп шығады да, бәйгетөбеге қарай тура шаппай, қарынсау айналма жолға түсіп алып жұрттың көз алдында көсіледі-ау! Сол бес шақырымдай жер жаныңды шығарады. «Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей, аттарға шаң шығарып келе жатқан!» деп жырлаушы еді ғой қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров. Құйрық тістеп келе жатқан аттың көмбеге шылбыртастам қалғанда суырылып алға шыққаны біреуге қандай қуаныш, біреуге қандай өкініш!? Аралшоқының тұмсығынан бәйгетөбеге дейінгі осы бір бес шақырым жер біздің ауылдың шоқша сақал, шошақ тымақты шалдарының талайын қарт бурадай күркілдетіп кіжінткен, талайын жас баладай үлпілдетіп мәз еткен кәрі шаңдақ. Әнеки, демін ішіне тартып, тым-тырыс көлбеп жатыр…

«Ат келе жатыр! Ат келе жатыр!» деген айқайдан түп қотарыла түрегелген жұртты Қойшыбай ақсақалдың аюдай ақырған дауысы саябырлатты. Аралшоқы тұмсығының арғы жағынан екі қатар болып аспанға көтерілген шаң үлкен жартасқа қарай ойысты.

Ой, дүние-ай! Жүйріктің аты жүйрік деген осы екен ғой! Әлгі тоқсан қылқұйрықтан топ жарып сол екеуі дара шығыпты. Өзге емес, Кертөбел мен Түйеқоңыр! Көк шыт пен қызыл шыт! Қатар шықты да қарынсау айналмаға қарай ойысты. Ендігі шабыс қарайған халықтың көз алдына көлденең тартыла берді. Әлгі жартас басындағы жігіттер қиқуды аямай салып айқайға басқан шығар деп ойлаймын осы күні, Кертөбел суырылып алдыға шықты! Үстіндегі баланың басындағы шыты қызараңдап шылбыр бойы, арқан бойы арындап алыстап барады. Құлағым тарс бекітілгендей мең-зең бір күйге түстім. Тығылып, үнім шықпай, булығып қалдым. Айғайлағым келеді, жоқ. Жылағым келеді, жоқ! Кертөбел оқ бойы озып кетті. Әкімбек қызыл шүберек байлаған қамшысын төбесін айналдыра бұлғап барады!

Сондағы Кертөбелдің шабысы көз алдымда. Көкірегімде сақталып қалған тірі сурет ол. Қалың елдің тура тұсына келгендегі шабысы… тілмен айтып жеткізгісіз еді… «Аш күзендей бүгіліп» дейді ғой жырда. Көзіммен көрдім соны, бәйгетөбедегі бүкіл ел көрді. Жануар-ай, мұнша сұлу, мұнша ғажап шабармысың! Бүктетілгенде артқы аяқтың тұяғы иегін соқты-ау, жолбарыстай атылып қайта жазылғанда бауыры жерге тиер-тимес, талдап өрген құйрығы су бетінде қалқығандай қара жерде сүзіліп барады!.. Сөйтіп өтті-ау айлап уайымдап, апталап кеңес құрған қалың елдің алдынан. «Жануар-ай! Намыс үшін жаратылған жануар-ай!» деп шоқша сақалдары дір-дір етіп, кемсеңдеп кетті ғой шалдар. Менің де тұла бойымнан көтерілген ыстық ағын бұршақтап төгілді… Рас, дәл мына жерде ел еңсесін Кертөбелден өзге кім көтерер? Зекең шал айтса айтатындай екен-ау дейсің кейде.

Кертөбел мәреге жеткенде жанаса кетіп сулығынан ұстамақ болған дайағашшы далбақтап далада қалды. Әкімбек те әдейі істесе керек, алыстап барып айналды да топқа қарай тура салды. Шоқтықты, айдынды, омыраулы жылқының шабысын қарсы алдынан көру қандай ғанибет! Ойынды еттері бөлек-бөлек, маңдайдағы төбелі жұлдыздай жарқырап жиналған топтың желке тұсындағы дөңеске қарай тартты. Жұрт солай лап қойды. Сүйіншілеп айқайлаған жігіттер Әкімбекті көтеріп алыпты…

Шолақ тайыммен шет жағалап барып едім, жақындау мүмін емес. Кері айнала берген Түйеқоңырды көрдім. Атқосшы жігіт шоқтығына басын сүйеп тұр екен. Шабандоз бала жерде отыр. Түйеқоңырдың тізгіні Зейнелқабден ақсақалдың қолында. Екінші аттың дайағашшысы сол кісі екен. «Аяғына қан түседі, жетелеп жүргізейік, әй жігіт!» деп сөйлеп тұрғанын естідім. Дәл сонда сол кісінің жүзінен Кертөбелдің бірінші келгеніне қуанған, Түйеқоңырдың екінші келгеніне мұңайған бейне көрдім. Бәлкім сөйтіп ойладым. Бұл сірә қандай күй? Қалай сонда?

Құрмет

Сол күні ауыл ақсақалдары Зекең қарияның үйіне жинады. Елдің айтуы бойынша Зекең шал Әділбекке, «Сен бүгін біздің үйде боласың, Кертөбелдің тойын қонақ кеткен соң тойлаймыз» деген екен. Сөйтіп, екі жүйріктің иесі, ауылдың қадірлілері дайағашшының үйіне жиналып, ақын-әншісімен, бұрынғы өткен небір жүйрік аттар жайлы әңгіме дүкенімен күздің таңын орталатады.

Екінші ат Түйеқоңырдың бәйгесі бір түйе, бір жылқы екен. «Ақсақал, осы жүлде сізде қалсын!» депті аттың иесі. Бір жағы аты бірінші болып келмегенге кейігені де болса керек, кім білсін. «Онда бүгін біздің шаңырақта боласың» депті бұл кісі.

Жұрт қозғалақтап тарқасардың қамын қыла бастағанда Зекең қария сөз алыпты: «Жә, көпшілік! Бір ауыз сөзім бар еді. Өз басым Түйеқоңырдың атағын естігелі алты жыл болды. Бір көрсем деп армандаушы едім. Жер алыс, барып көре алмадым. Бүгін міне көргенді қойып, бұйрық болып тізгінін ұстап отырмын. Бұған да шүкірлік! Құдайға мың тәуба! Ат иесі дайағашшы болдыңыз деп бүкіл бәйгесін маған тастап кетем дейді. Мен бұған қарсымын. Талай бәйгеде дайағашшы болдым, Құдайға шүкір! Сыйлаған елге рахмет! Ал енді мына атақты Түйеқоңырдың тұяғының біздің ауылдың топырағына тигенінің құрметіне мен, аты да Түйеқоңыр ғой деп бір түйемді берейін деп отырмын. Ертең алмай қойып жүрмесін, соны сіздердің көздеріңізше айтып қояйын деп едім» дейді жарықтық, қалбалақтап. Беріп отырған түйесі қолындағы жалғыз атаны екен. Соны білетін, ат дегенде шығарға жаны бөлек Зекеңді білетін ақсақалдар ризалықтан бастарын шайқасыпты. Ақсақалдың ісіне қатты риза болған Түйеқоңырдың иесі осы ауылға тағы екі күн қонып, екі түйе, бір жылқысын жетелеп ауылына аттанған еді.

Аты жете алмаған кісінің жарым көңілін қалай аялағанын, аттың құрметіне деп жалғыз атанын берген осы пейілін айтып еске алып отырушы еді үлкендер.

Күй түйіні

Көпке бөлінбеген қуаныш көңіл шіркінді көтеріп жарытқан ба?.. Дайағашшы деген кішкентай ғана бір дәстүрінің ұмытылуымен қанша қазақтың бір-біріне беруге тиіс қақысы, көтеруге тиіс беделі, сыйлық, сыйы жоғалды екен? Беделді дүниесінің аз-көптігімен өлшемейтін парасатты жұрт садақаны да «мә, ал!» дегендей нұқып емес, оны да сый, сыйлық, (дайағашшы дегендей) бедел етіп бере біледі екен ғой. Атқанда оғы жетіп, айтқанда сөзі өтіп қабірге кіргенше қадірі қашпайтын қариялар қайдан шығады, қапысын тауып қадірлей білген, салт-дәстүрі саралы, ұл мен қызы саналы елден шығады.

Дәстүр жеке дара өмір сүрмейді, неге байланысты қалыптасқан болса сонымен бірге өркендейді. Мысалы, жылқыға байланысты дәстүр болса ол жылқының қадірін білумен қабысып жатады. Одан тіршілігінің мәнін тауып, рахатын сезінгенде өмір дегеніңіз қазақ үшін өзгеше құлпырып сала берген-ау сірә!

Бір туысымның туа салып қытайша оқыған баласы Құлагер өлгендегі Ақанның қайғысын кинодан көріп таң қалып, «Ол неге жылап жүр, біз ондай аттарды соғымға соя береміз ғой?» дегенде жан-дүнием қопарыла күйзеліп еді. Қайғысын түсінбеген қуанышын, жылауын түсінбеген күлуін түсіне ме? Атты ет деп ғана ұғатын қазақтың тұйық түйсікті ендігі балалары сан ғасырлап сараптан өткен бабалар дәстүрінен үлес, рахат ала алмай ақпараты күштінің артынан еріп, өзінің кім екенін де ұмытқан кіріптар ұрпаққа айнала ма, қалай өзі?

Ұларбек Нұрғалымұлы,

«Егемен Қазақстан» газеті