04 жел, 2017 сағат 10:05

Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының 5 бағытын атады

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 2018–2022 жылдарға арналғанын, және ол еліміздің алдыңғы қатарлы салаларын технологиялық жаңғыртуға қосымша серпін беретінін, еңбек өнімділігінің ұзақмерзімді әрі ауқымды дамуына жағдай жасайтынын атап өтті. 

Бағдарлама оны іске асырудың бес негізгі бағытынан тұрады: 

— «Экономика салаларын цифрландыру»;

— «Цифрлық мемлекетке көшу»;

— «Цифрлық Жібек жолын іске асыру»;

— «Адам капиталын дамыту»;

— «Инновациялық экожүйе құру».

Осы бес бағыт бойынша 17 бастама мен 120 іс-шара ұйымдастырылды. 12 мақсатты индикатор ұсынылады.

«Бағдарлама қосылған құнды қалыптастыру және экономикадағы шығындарды қысқарту тұрғысынан айтарлықтай әлеуетке ие, бұл 2025 жылдан бастап жылына 4,5-5% деңгейінде ел ЖІӨ-нің өсу қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, шамамен 1,6-2,2%, яғни, үштен бір бөлігі тек цифрландырылуға жұмсалады», — деді министр.

Алдын ала есептеу бойынша, 2025 жылға қарай экономиканы цифрландырудың тікелей әсері 1,7-2,2 трлн теңгеге қосымша құнды құруға мүмкіндік береді, бұл 2025 жылға қарай жеке инвестицияларды есепке алғанда жалпы инвестициялар көлеміне инвестициялардың қайтарымын 4,8-6,4 есеге қамтамасыз етеді. 

Отырыста мәселені қарау аясында «Зерде» ҰБХ басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев, сарапшы Сергей Перапечка сөз сөйледі, сондай-ақ, тақырыпқа қатысты Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев түсініктеме беріп өтті.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының ұсынылған жобасын қолдады.