04 шіл, 2019 сағат 19:16

Абаев: Арыста мені саперлердің еңбегі таңғалдырды

«Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Арыс қаласына жасаған сапардан алған әсерімен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министр Арыстағы апаттың ауқымы орасан зор екенін өз көзімен көргенін айтады.

«Үкімет басшысының Арысқа сапары ерекше қауырт болды. Үкіметтік делегация құрамында мен де сонда болып, жағдайды көзбен көрдім. Сол сапардың нәтижесінде Үкімет басшысының бақылауымен апаттан зардап шеккен елдің еңсесін көтеруге бағытталған көптеген шаруалар қолға алынып жатыр. Ондағы балалардың жазды жайлы өткізуі үшін бүкіл ел аумағындағы лагерьлерге жолдау тапсырылды. Үкімет басшысы қаладағы газ және су, жылу құбырларын жаңғыртуды жүктеді. Жаңалықтардан ғана бақылап отыру мен апат болған қалаға тікелей барып қайтуды айырмашылығы жер мен көктей, әрине», - деді Дәурен Абаев.

Ведомство басшысы Арысты оқ-дәріден тазартып жатқан мамандардың еңбегін ерекше атап өтті.

«Арыстағы апат ауқымы өте үлкен екенін мойындау керек. Тұрғындардың неге наразылық білдіргенін адам ретінде түсінуге болады. Мені бәрінен де саперлердің еңбегі таңғалдырды. Олар оразан зор жұмыс істеп, өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарып шықты. Әр метр аумақ зерттеліп, көптеген оқ-дәрі табылып, залалсыздандырылды. Олардың өз өмірлерін бәйгеге тіккен қауіпті қызметіне Арыс тұрғындары енді жүгінбейді деп ойлаймын, - деді ол «Ашық диалог» бағдарламасында.