02 нау, 2017 сағат 23:28

Дәулеткерей Кәпұлы мен Мұхамеджан Тазабеков Facebook желісінде айтысты

Белгілі айтыскер Мұхамеджан Тазабеков фэйсбуктағы парақшасында «Қазақтың ат әбзелдері қадым заманнан қажеттілік пен комфорттың құралы болса, бүгін ол алыс ауыл мен жақын музейден ғана көрер этнографиялық этюд (үзік) болып барады. Тұрмысымыз түбегейлі өзгерсе де, ұлттық түп-тамырымыз осылардан екенін ұмытпайық», — деп жазды. Айтыскердің осы жазбасына дауылпаз ақын Дәулеткерей Кәпұлы өлеңмен былайша пікір білдірді:

«Жонжайлауда өскесін кешіп айдын,

Түйесі жоқ қазақтың көші — қайғым.

Араптың даласынан қайтқан болсаң,

Мұхажан, атқа мінсең, осылай мін!»

Мұхамеджан Тазабеков те көп кешіктірмей жауап беріп, ой көшкінін тоқтатпауға тырысты. Осылайша дабысы жер жарған сөз майданы "сөз додасына" ұласты:

«Жоқ менде Қазақиядан өзге құнды ой,

Қанымнан, қағымнан да безбедім ғой.

Сыртымнан Арабияның даласына

Апарып, әкеп жүрген өздерің ғой…»


Дәулеткерей:

«Мұртсыз сақал желпілдеп тамам аста,

Араб боп әңгіме айтып алақашпа.

Астыңа мінгенің де «арабыдан»,

Ат басын қ бұрдың мама ағашқа?!»

 

Мұхамеджан:

«Мінгенім «арабы» емес, «жапондық ат»,

Бабаңның сипаты еді сақал тым-ақ.

Жолы түзу жан айтса жұрт сенбейді-ау,

Аузы қисық пенде айтса, закон бірақ…», 


Дәулеткерей:

«Астыңнан ақсамасын «жапондық ат»,

Ал, «мұртсыз жараспайды сақал бірақ».

Арабы бас білмейтін асау құсап,

Басыңда ала қаштың, шо там, брат?!»


Мұхамеджан:

«Екеуміз неғыламыз енді алысып,

Бауыр боп аяқтайық, кел, қауышып!

Не мінсе де түспесін Қазақ аттан,

Жүрейік үзеңгіні тең қағысып!»


Дәулеткерей:

 Мұхажан, бола қалдың қай нағашы?

 Жігітсің аттан түспес айналасы.

 Қауышсақ қауышайық осыменен,

Мен емес, «аузы қисық бай баласы»!  

Желі қолданушылары да отты ойлардың ортасына түсіп, қос ақынның осынау ерекше форматтағы айтысына әртүрлі пікірлер жазып қалдырған. Әзірге осылай тәмамдалған жекпе-жектің жалғасы бола ма екен? Сол қызық...