16 сәу, 2019 сағат 14:17

Дау туғызған көлік Талдықорғанның әкс-әкімінің ұлына тиесілі болып шықты

19 наурыз күні Алматыда ешбір құжатсыз тапанша мен оқ-дәріні емін-еркін тасымалдаған көлік Талдықорғанның экс-әкімі Дастан Шалтабаевтың ұлына тиесілі болып шықты. Бірақ көлікті сол сәтте экс-әкімнің ұлы емес, курстастары тізгіндеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тексеру нәтижесіне сәйкес, Талдықорғанның экс-әкімі Дастан Шалтабаевқа қатысты заңбұзушылықтар орын алмаған.

«Алматы облысының әкімдігі Дастан Шалтабаевқа қатысты қызметтік  тескеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде Д. Шалтабевтың тарапынан заңбұзушылықтар орын алмағаны белгілі болды. 19 наурыз күні 055 QQQ 05 нөмірлі Toyota Camry автокөлігін Шарипов есімді азамат тізгіндеген. Дастан Шарипов - Шалтабаевтың ұлының курстасы. Қызметтік тексеру құжаттарына сәйкес, көрсетілген уақытта экс-әкімнің ұлы Тұрарбек Т. Д.  әл-Фараби атындағы университетте сабақта болған», - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің өкілі Сымбат Исрапулова.

Сымбат Исрапулованың айтуынша, көліктің ішінде тағы екі жолаушы болған. «Көлікте тағы Бейсен С. және Мақұл Н. деген азаматтар болған.

Мақұл деген азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Травматикалық қаруды заңсыз сақтағаны үшін ҚР ҚК  287-бабының 2-тармағына сәйкес Мақұл Н-ның үстінен тергеу жүріп жатыр. Ал көлікті тізгіндеген Дастан Шариповқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің үш бабы бойынша іс қозғалған. Бұдан бөлек, машинадан табылған 055 TTD 05  және 007 TTD 02 вип-номерлерін Алматы облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы тіркеуден алып тастаған. Дастан Шалтабаевтың 2000 және  2001 жылы туған балаларының жол ережесін бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны жөнінде мәлімет департаментте жоқ», - деді аталған ведомстваның өкілі.

Естеріңізге сала кетейік, 28 наурыз күні Алматы қаласының тәртіп сақшылары алдыңғы терезесі қараңғыланған Toyota Camry көлігін тоқтатқан. Бірақ оны тізгіндеген азаматта жүргізуші куәлігі болмаған және көліктің ішінен травматикалық тапанша мен доллар валюталары табылған. Артынша бума-бума ақшаның жалған екені жөнінде ресми мәлімдеме берілді.

Ал 29 наурыз күні Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаевқа қатысты қызметтік тексеріс басталды. 12 сәуір күні Талдықорған қаласының әкімі ауысты. Талдықорғанның әкімі болған Дастан Шалтабаев Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың кеңесшісі болып тағайындалды.