12 қар, 2018 сағат 11:06

Дархан Кәлетаев пен Нұртай Әбіқаев Түркиядағы қандастармен кездесті

9 қараша күні ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев және «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев Ыстанбұлда Түркия мен Еуропа елдерінде тұрып жатқан қазақ диаспораларының жетекшілерімен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге Мансұр Тейжи, Якуп Жан, Фазыл Топлу және Әбдуақап Қара сияқты белсенді қайраткерлер келді.

Кездесу барысында Дархан Кәлетаев Қазақстан Президентінің шетелде тұрып жатқан отандастарымызға айрықша қолдау танытатынын атап өтті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Үкіметі 2018-2022 жылдарға арналған этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын.

Аталған іс-шаралар жоспарында шет елдерде этникалық қазақтардың ана тілінде білім алуға және оны сақтауға, шет елдерде тұратын қазақ диаспорасымен мәдени-гуманитарлық байланыстар орнатуға, сондай-ақ өз елдеріне қайтып оралған қазақтарға қолдау көрсетуге бағытталған шаралар қамтылған.


Қандастарымыздың алдында сөйлеген сөзінде Нұртай Әбіқаев Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған қордың мақсаттары мен міндеттері туралы айтты. Ол ұйымның қызметі шетелде тұратын отандастарымызға, сондай-ақ Қазақстанға келген этникалық қазақтарға қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті. Бұл ретте, қордың негізгі міндеті тарихи отанына оралған отандастардың бейімделуіне, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қолдау көрсетуде ақпараттық, ұйымдастырушылық және консультативтік көмек көрсету болып табылады.

Қазақ диаспорасының өкілдері өздерінің туған жерінен жырақта болса да, тарихи отанымен үнемі байланыста екендігін, Қазақстандағы барлық маңызды оқиғалар мен жаңалықтардан құлағдар екендіктерін, сондай-ақ, жас ұрпақтың ана тілін, мәдениетін және дәстүрлерін үйренуде айрықша қолдау көріп отырғандарын атап өтті.

Аталған кездесу Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «ұлттық бірегейлікті сақтау» бағыты аясында өтті.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 8 қарашасында Қазақстан делегациясы диаспора мәселелері бойынша Түркі кеңесінің отырысына қатысты, онда «Түркі кеңесі түркітілдес диаспораларының қызметінің жалпы іс-қимыл стратегиясына» өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды және осы стратегияны жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды. Сондай-ақ, «Отандастар» қоры шетелдердегі түркі халықтары басқармасымен және оларға қарасты қауымдастықпен, Юнус Эмре атындағы қор арасында ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.