22 шіл, 2019 сағат 13:50

Дархан Кәлетаев Орталық коммуникациялар қызметінің жаңа басшысын таныстырды

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев Орталық коммуникациялар қызметінің жаңа басшысын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарланғандай, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саяси ғылымдар кандидаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Талғат Қалиев Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы болып тағайындалған еді.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Президент өкімімен Қалиев Талғат Бегімұлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы болып тағайындалды», - деді Дархан Кәлетаев.

Ол Орталық коммуникациялар қызметі қарамағында болған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшысы Дәурен Абаевқа алғыс айтты.


«Жұмыс өте сапалы жүргізілді, оң өзгерістер айқын көрінеді, сол үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне алғыс айтамыз. Орталық коммуникациялар қызметі Сіздердің сенімді серіктестеріңіз болып қалады», - деді ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Өз кезегінде, Дәурен Абаев ОКҚ ұжымына алғысын білдірді.