20 ақп, 2020 сағат 13:08

Дәріханалардағы жағдайды бақылап отырмыз – Біртанов медициналық маска жайлы

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елдегі медициналық маскалар мен өзге де қажетті құралдардың көлемі қанша екенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Санитарлық қызметтер мен медициналық ұйымдар үшін масканың қосымша көлемі бойынша келісім жасалды. Бұл тұрғыда бізде уайым жоқ. Маскалардың қосымша көлемі баршылық. Шикізаттың өзі Қытайда тоқылады. Бірқатар қытайлық кәсіпорын тоқтаған. ҚХР-ға кейбір материалдарды, оның ішінде жеке қорғауға арналған материалдарды кіргізуге тыйым салынған», - деді Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, ведомство дәріханалардағы маскалардың жеткілікті болуын тұрақты бақылап отыр.

«Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, дәріханалардағы ахуалды бақылап отырмыз. Кейбір отандық кәсіпорындардың жағдайды зерттеп алмай, дистрибьютерлерден масканы жаппай сатып алып, ҚХР-ға жөнелтуіне алаңдап қалған едік. Себебі Қытайда шынымен де маскаға деген сұраныс жоғары», - деді министр.